Қосымша табыс көзі деген не және оны қалай жүйелеу керек?
18.04.2023
3 мин
0
3968
«Белсенді» табыс – бұл белгілі бір қызметтен алынған тұрақты табыс. Мысалы: сіздің бизнесіңізден алынған жалақы немесе тұрақты жұмысыңыздан түсіп тұратын айлық. Қосымша табыс (пассивті кіріс) – бұл сіздің күнделікті іс-әрекетіңізге қарамастан үнемі түсетін ақша. Пассивті кірісті күтпеген жағдайларға немесе негізгі кіріс көзі тоқтап қалған жағдайда «қауіпсіздік жастығы» деп санауға болады.
Пассивті табыстың болуы не үшін маңызды?
Пассивті табыс – сіздің күнделікті өмірден бөлек, қосымша керек-жарағыңыз үшін аса маңызды. Активті табыс - киетін киім, ішетін тамақ пен коммуналдық шығындарыңызды өтесе, пассивті табыс – көңіл көтеру, саяхаттау, көлік алу сынды арман-тілектеріңізді орындауға тікелей әсер етеді.
Пассивті кірісті жоспарлауға байыпты қарау керек. Алдымен оны қалыптастыру үшін қанша қаражат қажет екенін және сізде осындай соманың бар-жоғын анықтау керек. Егер жоқ болса, оны негізгі кірістен кейінге қалдырып отыру керек.
Қосымша табыстың (пассивті кіріс) негізгі көздері:
Банк салымы. Банктегі депозит – бұл пассивті кірісті құрудың классикалық тәсілі. Бұл ең оңай жолы. Сіз банкте біраз ақша сақтайсыз және ол сізге пайыз төлейді. Сіз осы арқылы кепілдендірілген және тұрақты табыс табуыңызға болады. Бірақ мұндай пассивті кіріс сіздің барлық қажеттіліктеріңізді қамтуы үшін үлкен сома салу керек.
Бағалы қағаздарға инвестиция құю. Пассивті кірістің бір түрі – қор нарығындағы инвестициялар. Инвестициялаудың негізгі заңы: табыс тәуекелге пропорционалды, табыс өссе, тәуекел де өседі. Егер сіз тәуекелге дайын болсаңыз, сізде бос қаражат бар және сізге кепілдендірілген депозиттер ұсынғаннан гөрі көп ақша тапқыңыз келсе, биржада сатылатын бағалы қағаздарға инвестиция салуды игерген жөн.
Алғашында аз мөлшерде инвестициямен бастасаңыз болады. Жаңадан бастаушы үшін ең оңай жол – биржада ұсынылған бағалы қағаздарды сатып алу және белгілі бір уақыттан кейін жоғары бағамен сату. Мұндай табыс соқыр сәттілік емес, жақсы ойластырылған әрекеттердің нәтижесі. Инвестициядан шынымен табыс табу үшін оның қыр-сырын зерттеуге көп күш жұмсау керек.
Жылжымайтын мүлік. Пәтер жалдау. Бірақ мұндай табыс шығындар мен тәуекелдермен бірге жүреді. Оның барлық шығындарын ескеру қажет: жалдау ақысы, салықтар, жөндеу және басқалар. Жағымсыз салдардан аулақ болу және заңды бұзбау үшін жалдау шартын жасағаныңызға көз жеткізіңіз. Күтпеген жағдайлардан қорғану үшін пәтерге сақтандыруды рәсімдеген жөн. Сонымен қатар, жалға алушылар уақытында төлемеуі немесе мүлікті бүлдіруі мүмкін.
Зияткерлік меншік. Хоббиіңізді жаңа табыс көзіне айналдырыңыз. Мысалы, әртүрлі әшекей бұйымдарды жасау қолыңыздан келсе, әлеуметтік желілердің көмегімен онлайын тапсырыс қабылдауға болады. Дизайн жасай алсаңыз, әртүрлі тематикада графикалар жасап, өз сайтыңыз құрап, сол жерде ақылы жүктеу функциясын орналастырсаңыз да болады.