| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Қызылорда облысына су жеткізуді жақсарту үшін Көксарай су реттегішінде ауқымды тазарту жұмыстары жүргізілуде, – деп хабарлайды Dauletten.kz.
Қазіргі таңда «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы су реттегіштің арнасынан шамамен 60 мың текше метр құм мен қиыршық тасты шығарып, нысанның өткізу қабілетін арттыруға кіріскен. Жұмыс барысымен Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов арнайы барып танысты.
Мақсат – Қызылорда өңіріне суды тұрақты әрі тиімді жеткізу. Бұл үшін тазалауға 28 арнайы техника жұмылдырылған, оның бір бөлігі Қызылорда облысынан тартылған. Жоспар бойынша жұмыстар желтоқсан айының ортасына дейін аяқталуы тиіс.
Бұған қоса, реттегіштің жоғарғы жағында ұзындығы 2,5 шақырым болатын аумаққа геомембрана төсеу арқылы судың сүзілуді азайту ісі жүріп жатыр. Бұл тәсіл қосымша 200 миллион текше метрге дейін су жинауға мүмкіндік береді.
- Қосымша жұмыстарды орындауға уақыт жеткілікті. Қазір ауа райы қолайлы, сондықтан қосымша бір-екі учаскеде геомембрана төсеуге болады. Министрлік филиалға қажетті техниканы бөлді, барлық материал жеткілікті. Көксарай су реттегішінің кешенді реконструкциясы басталғанға дейін оның жұмыс тиімділігін барынша арттыру қажет, – деді министр Нұржан Нұржігітов.
Болашақта су реттегіштің ұзақ мерзімді тиімділігін сақтау үшін ұзындығы 36 шақырымнан асатын бөгет бөлігіне 60 мыңнан астам геошпунт орнату жобасы дайындалуда. Бұл жоба іске асса, су қоймасы 3 миллиард текше метрге дейін су жинауға қауқарлы болады.
