Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
«Жақсы да болса — өз үйім, Жаман да болса — өз үйім» дейтін қазекеңнің әрқайсы баспаналы болуды арман етіп, үйлі болудың жолдарын іздеп жүргендері қаншама! Осы тұрғыда біз арнайы маманның пікірін білуді жөн көрдік. Ендеше, «Тұрғын Үй Құрылыс Жинақ Банкі» АҚ Орталық филиал директорының орынбасары Тулеуғалиева Әсел Жарасқалиқызымен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
- Әсел ханым, ең бірінші Банк ребрендингі жайлы білгіміз келіп отыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына орай, жыл соңына дейін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің негізінде «Отбасы банкі» атты толыққанды институтты құру жоспарланып отыр. Ол тұрғын үйді есепке алу, тіркеу және бөлу жұмыстарымен айналысатын болады. Қойылып отырған міндетті орындау үшін қазіргі кезек жүйесін әкімдіктерден «Отбасы банкке» беру жоспарланып отыр. Өз кезегінде «Отбасы банкі» баспанасы жоқ жанұялар үшін «бір терезе» қағидасы бойынша қызмет ұсынатын болады. Бұған қоса, банк тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі шеңберінде өзінің негізгі қызметін жалғастыратын болады. Яғни, клиенттерге арналған барлық бағдарламалар мен пайыздық мөлшерлемелер сақталады.
- «5-10-20» бағдарламасы арқылы кім баспаналы бола алады? Шарттары қандай? Әрине, бұл туралы қазір көп айтылып жатыр, дегенмен, біздің сайттың оқырмандары үшін тағы да толық түсіндіре кетсеңіз.
«5-10-20» бағдарламасы «Нұрлы жер» бағдарламасының жаңа бір бағыты болып саналатын жаңа тұрғын үй бағдарламасын «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 11 мамырдағы берген тапсырмасына сәйкес іске қосады.
Бұл бағдарламаның басты мақсаты – Қазақстан халқын аса тиімді шарттар бойынша қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету. Оған жергілікті атқарушы органдарда баспанаға мұқтаж тұлға ретінде кезекте тұрған азаматтар қатыса алады.
Жаңадан іске қосылатын бұл бағдарламаның шарттары өте тиімді: қатысушылар 10% көлемінде бастапқы жарнаны жинаған жағдайда несиені жылдық 5% мөлшерлемемен, несиелендіру мерзімі – 20 жылға дейінгі уақытқа ала алады.
- Мемлекеттік жұмыста жоқ жандар баспаналы болу үшін қандай да бір бағдарламалар бар ма?
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі – елдегі тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін жүзеге асырып отырған жалғыз банк. Бұл жүйе табысына қарамастан, кез келген адамға пәтер, үй немесе жер сатып алуға мүмкіндік береді.Жүйе шарттарына сәйкес, жылдық мөлшерлемесі 3,5-5% аралығындағы елдегі ең тиімді тұрғын үй заемын алу үшін азаматтарға алдымен шотқа ақша жинау керек. Депозитке аударылатын сомаға қатысты қандай да бір қатаң талап жоқ, салымшы өз жағдайына қарап, шамасы жеткен соманы жинап отыра алады. Тұрғын үй заемын алу үшін ең басты үш шартты орындауы керек. Біріншіден, депозитке үй бағасының 50%-ын жинайды. Екіншіден, кем дегенде 3 жыл жинау керек. Бұдан ұзақ уақыт та жинауға болады. Бәрі азаматтың мүмкіндігіне байланысты. Үшіншіден – ең төменгі бағалау көрсеткішіне қол жеткізу керек. Ол 16-ға тең. Бағалау көрсеткіші – бұл сіздің қаржылық тәртібіңіздің көрсеткіші. Ол сіздің депозитке ақшаны қаншалықты тұрақты салып тұрғаныңызды көрсетеді. Шотыңызды ай сайын толықтырып отырсаңыз, мақсатқа тезірек жетесіз.
Ақша жинаудың ең тиімді және жылдам жолы – отбасы болып қаражаттың басын құрау. Бұл мақсатта біздің банк ұсынатын «Отбасылық пакет» арнайы опциясын қолдануға болады. «Отбасылық пакет» аясында әр отбасы мүшесіне депозит ашылып, әрқайсысына қаражат салынып отырады. Жыл соңында мемлекет сыйлықақысы әр депозитке беріледі, яғни мұндай әдіс әлдеқайда тиімді – қажет соманы жинауда үлкен көмек болады. Бұл 2% көлеміндегі банктің базалық мөлшерлемесі мен 20%-дық мемлекеттік сыйлықақының арқасында мүмкін болып отыр.
- Кезекте тұрмаған адамдар не істей алады?
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі – халықтың таңдауы деп айтуға болады. Бұл факт цифрлармен расталады. ҚТҮҚЖБ жұмыс істеген бүкіл кезең ішінде 227 мыңнан астам қазақстандықтардың өмір сүру жағдайлары жақсарды. Қазір Банкте болашақ шаршы метр үшін 1,6 миллион қазақстандық ақшаларын жинақтайды және олардың саны күн сайын өсуде. Бүгінгі таңда Банк өзінің басты миссиясын - қазақстандық отбасыларды жеке баспанамен қамтамасыз етуді жалғастыруда.Мәселен, кезекте тұрмаған азаматтар Нұр-Сұлтан қаласында іске асырылып жатқан «Өз үйім» қолжетімді баспана бағдарламасы банк салымшыларына бірегей шарттармен жаңа үйлерден пәтер сатып алуға мүмкіндік береді. Алғашқы жарна – үй құнының 20 пайызынан бастап. Ең жоғарғы мөлшерлеме 7%, ол кейін 5%-ға дейін төмендейді, ал заемдар бойынша ең төменгі мөлшерлеме – 3,5%. Атап өтетін жайт, 90 млн теңгеге дейін қарыз алуға болады.
«Өз үйімнің» артықшылығы – бағасы нарықтағы үй құнынан төмен. Салынып жатқан жаңа үйлерге үлестік қатысу арқылы үй сатып алуға мүмкіндік бар. Салымшының атында басқа үйдің бар-жоқтығы және қанша үй сатып алайын деп жатқаны маңызды емес. Салынып жатқан нысаннан пәтер таңдай алады. Үй сатып алатын жерде тіркеуде тұруы міндетті емес. Үлестік қатысу туралы келісімшарт, сондай-ақ құрылыс компаниясы мен өкілетті ұйымда «Тұрғын үй құрылысын кепілдендіру қоры» АҚ-ның кепілдігі болуы талап етіледі.
- Елімізде болып жатқан соңғы төтенше жағдайлар үй алуға кері әсерін тигізбей ме?
Еліміздегі төтенше жағдай аяқталған сәттен бастап, біздің Банк толығымен жұмысын бастап кетті. Барлық өнімдер бойынша өтініштер қабылдап, жұмыс жүргізіп жатырмыз. Алайда, елде соңғы болып жатқан жағдайлардың ізсіз кетпейтіні бәрімізге аян. Бірақ, бұл әсерлердің көбі оң жақты болатыны қуантады. Мысалға, сатып алу белсенділігінің төмендеуі салдарынан құрылыс компаниялары күшті тұжырымдамасы, теңгерімді бағасы мен сапасы бар жобаларға көңіл бөле бастап, экономды және өмір сүруге ыңғайлы комфорт классты үйлерін салудың санын ұлғайтуы мүмкін. Және үкімет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау – несиелік баспананың қол жетімділігін арттырады деген ойдамыз.
- Әсел ханым, оқырмандар үшін берген пайдалы сұхбатыңыз үшін рақмет! Халық үшін деп жатқан еңбектеріңіздің жемісін көре беріңіздер! Әр қазақ баспаналы болсын!
Назерке БАЙЖАН
Тағы көру