| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Елімізде бизнес пен инвесторларға жаңа жағдай жасалып, экономиканың болашаққа бағытталған құқықтық базасы түбегейлі өзгереді. Мемлекет басшысы 30 жыл бұрын қабылданған ескі Азаматтық кодекстің дәуірі өткенін айтып, келесі жылдың соңына дейін жаңа құжатты қабылдауды міндеттеді, — деп хабарлайды Dauletten.kz.
Қазіргі қарқынды дамыған заманда инновацияларды енгізу мен экономиканың бәсекеге қабілетін арттыру үшін заманауи құқықтық жүйе ауадай қажет. Бүгінде қолданыстағы Азаматтық кодекс өткен ғасырдың 90-шы жылдарында, яғни нарықтық экономиканың алғашқы қадамдары жасалған өтпелі кезеңде қабылданған болатын.
Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл құжат өзінің тарихи миссиясын толық атқарып шықты: елде меншік құқығы қорғалып, нарықтық институттардың іргетасы қаланды. Алайда, сол кезеңде бүгінгідей озық технологиялар мен цифрлық дәуірдің талаптары түгіл, аты да жоқ еді.
- Соңғы 30 жыл ішінде бүкіл әлем, соның ішінде қоғамымыз түбегейлі өзгерді. Осының бәрін ескере отырып, болашақтың экономикасына байыппен көшуге құқықтық негіз болатын жаңа Азаматтық кодекс қабылдау қажет деп санаймын, — деді Президент.
Бұл бастама кәсіпкерлердің, инвесторлар мен қарапайым азаматтардың еркін әрі алаңсыз жұмыс істеуіне қажетті мықты құқықтық тұрақтылықты қамтамасыз етуге тиіс.
Осыған орай, Құрылтай депутаттарына Үкіметпен бірлесіп, маңызды құжатты әзірлеуге дереу кірісу тапсырылды. Президент жаңа Азаматтық кодекс келесі жылдың аяғына дейін қабылдануы тиіс екенін қатаң ескертті.