Brent
WTI
kz
kz ru
Астана
Астана
Алматы
Ақтау
Ақтөбе
Атырау
Қарағанды
Көкшетау
Қостанай
Қызылорда
Павлодар
Семей
Петропавл
Талдықорған
Тараз
Шымкент
Орал
Өскемен
CNY
MNT
KGS
UZS
TRY
Сіздің өтінішіңіз сәтті жіберілді, Рақмет!
Жаңалықтар
Жемқорлықсыз қоғам –  кемел келешектің кепілі
Жаңалықтар

Жемқорлықсыз қоғам – кемел келешектің кепілі

19.11.2024
мин
0
1198
Сурет: Dauletten.kz

Қарбалас өмірден басымызды бір көтеріп, әлемге көз тастасақ, әлеуметтік, экономикалық және саяси мәселелер толып жатыр. Олардың ішінде ең қауіптісі жемқорлық. Бұл індет бір адамның ғана емес, бүтін бір қоғамды, тұтас мемлекетті аяғынан шалып, оның даму бағытын бұзады. Әр елде бұл кесірдің деңгейі әртүрлі болғанымен, барлық жерде оның теріс әсері айқын байқалады. Жаһанды жаулаған жемқорлықтың салдары қандай? Тиімді алдын алу жолдары қайсы? Бұл індеттен аулақ болу үшін қайтпек керек? Dauletten.kz сайтының тілшісі осы сұрақтарға жауап іздеп көрді.

Елін ойлаған кез келген азамат Отанында болып жатқан бірде-бір мәселеге немқұрайлы қарамайды. Тіпті, олай етуге құқық жоқ дерсіз. "Мен жанбасам лапылдап, сен жанбасаң лапылдап. Кім жанады лапылдап?" демекші, кез келген тұлға өзінің елінің жарқын болашағы үшін еңбек етпесе, мемлекет қалайша өркендемек? Өркендеу демекші, өркениетті елдің дамуына, алға қарай озуына не кедергі? Басты кедергілердің бірі – жемқорлық. Бұл теріс құбылыс - қоғамды әділетсіздікке, теңсіздікке әкеледі. Дарақылықты доғармаған ел ешқашан алға баспайды.

Жемқорлық барлық елдің мәселесі екені рас. Адамның бес саусағы бірдей емес, сол сияқты абыройы мен қызметі биік тұлғаның да алуан түрі бар. Сол үшін барлық салада жемқорлық билік етіп жүр деп айта алмаймыз. Жүрегі жерім деп, пейілі елім деп жүрген жандар қаншама. Біз осы жақсы тұсты ғана үлгі етуіміз керек. Сол кезде жемқорлық деген ұғымның өзі естілмес еді.

Жемқорлық кез келген қоғамды әлсіретеді. Мемлекеттік қызметтердің сапасы төмендеп, азаматтардың сенімі жоғалады. Одан кейін кәсіпорындар мен азаматтар үкіметтен көмек алу үшін жемқорлыққа тәуелді бола бастайды, бұл экономикалық даму мен халықтың әл-ауқатына кері әсер етеді. Әрбір сыбайлас жемқорлық фактісі халықтың өмір сүру деңгейін айтарлықтай төмендетеді. Сөз етіп отырған індет тек заңсыздық қана емес, ол азаматтардың құқықтарының бұзылуына, заңдардың тең дәрежеде қолданылмауына да себеп болады. Құқық қорғау органдарының, судьялардың немесе мемлекеттік қызметкерлердің аз бөлігі болсын бұл әрекеттерге қатысса, бүкіл құқықтық жүйе құлдырайды.

Осы орайда ойға мынандай сұрақ келеді. Жемқорлыққа қарсы көзқарасты қалай қалыптастырамыз? Ол үшін ата-ана перзенті дүниеге келген сәттен тәрбиесіне аса үлкен жауапкершілікпен қарау керек. Бала ұяда не көрсе, өскенде соны іледі. Адалдыққа, адамгершілікке, мейірімділікке қанық болып өскен бала ешқашан елге қиянат жасай алмайды. Байқап қарасаңыз, жемқорлық көбінесе қаражат мол жерде жүреді. Ақшаның адам үшін басты құндылық еместігін, жәй ғана өмір сүрудің факторы екенін ұғынып өскен баланың басына бақ, астына үлкен кресло, маңдайына биік лауазым орнаған кезде тек қана елдің кемел келешегі үшін тер төгіп өтеді.

Қоғамның ашық мәселесі жемқорлық туралы нақты сөз қозғай білу - бұл мәселені жеңудің басты жолы. Қолында билігі бар әрбір азамат көпке үлгі болғаны жөн. "Билік – халықтың айнасы" іспетті. Сол үшін абыройы биік азаматтар әділдікті ғана ту етсе, біздің ел өзге елдің алдында биік тұрады. "Қолы да, жолы да ұзын" лауазым иелері заңға қарсы әрекет етпесе, ешкімнен қызметі үшін пара алмаса, қарапайым халықтың тіршілігі үнемі алға ғана өрлейтіні рас.

Жемқорлықтың өзектілігі неде? Ең әуелі, тереңіне бой алдырайық. "Тура биден туған, туғанды биде иман жоқ" деп біздің қазақ бабаларымыз бір ғана сөзбен мән-мағына қалдырып кеткен. Мысалы, тарихты зерделесек, біздің бабаларымыз қара тасты қақ жарардай әділдікті жақтады, қандай істің де турасын айта алды. Осындай бабаларымыздың ұрпағы болғанымызды мақтан тұтамыз-ау, кейде ұялғаннан кірерге тесік таппай кетеміз. Арамызда қара бастың қамы деп адами құндылықты таптап бара жатқандар жоқ емес. Ақша көрсе, адамшылдықты ұмытып, көздері турашылдықтан айналып өтетіндер кездеседі. Адами парасаттылықты алға қойып, бабаларымыздың жолымен жүрсек, біз жемқорлық туралы осыншама ой-пікір жазып отырмас едік. Бұлай деуге Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің анықтап жатқан қылмыстық істері дәлел.

Жемқорлықтың өзектілігі – елдің билік басындағы адал азаматтарға деген көзқарасының дұрыс еместігінде. Тағы бір ойландыратын дүние бар. Елде қандай да бір келеңсіз жайттар болса, қарапайым халық билікті жауыз, жемқор деп жөнсіз кінәлайды. Бұл дұрыс емес. Еліміздің ертеңі үшін алаңдайтын адал тұлғалар өте көп. Алайда олардың жұмысына кедергі келтіретін - пайдакүнемдікті ойлайтын парақорлардың заңсыз іс-әрекеттері. Қоғамның бақытты болашағына, заң мен әділдіктің беделіне, жұртшылықтың билікке деген сеніміне нұқсан келтіріп жүрген ғасыр дертін жеңу мүмкін емес деген ақылға қонбайды. Болашақты құрайтын өзіміз. Өзіміз ең бірінші отбасымызға, жақындарымызға адал болсақ, Отанға ешқашан опасыздық жасай алмас едік.

Дамыған елдер тәжірибесі

Заман дамыған сайын, жемқорлықтың шырмауы белең алып жатқаны да рас. Бірақ оған бой алдырып отыра берудің өзі дұрыс іс емес. Осы орайда айта кеткен жөн, Сингапур жемқорлықты еңсеруде әлемдегі ең табысты елдердің бірі болып тұр. Бұл елде жемқорлықпен күрес жүргізетін арнайы орган мемлекеттік қызметкерлердің, сондай-ақ жеке сектордың қызметкерлерінің әрекеттерін қатаң бақылайды. Дания да жемқорлық деңгейі ең төмен елдердің қатарында тұр. Халықаралық Transparency International ұйымының жыл сайынғы "Жемқорлықты қабылдау индексінде" Дания бірнеше жылдан бері бірінші орында келеді. Мұнда үкіметтің ашықтығы, тиімді басқару және құқық қорғау органдарының адалдығы - жемқорлықпен күрестің негізгі қағидасы. Данияда кез келген мемлекеттік қаржылық операциялар мен шешімдер ашық түрде жүзеге асырылады, бұл қоғамның сенімін арттырады және жемқорлыққа мықты тосқауыл болады. Ал Қазақстан 2023 жылы Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі (CPI) бойынша 180 елдің ішінде 93-орынға тұрақтады. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда үш орынға жоғарылаған. Бұл позиция елдің әлі де сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету бағытында жұмыс істеуі қажет екенін көрсетеді. Дегенмен, дамыған елдердің тәжірибесін ескере отырып, Қазақстан сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты нығайтуда.

Агенттік пен құқық қорғау органдарының қызметін жетілдіру, қоғаммен әріптестік орнату және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жұмыстары Қазақстанның рейтингін жақсартуға ықпал етіп келеді. Сонымен қатар дамыған елдердің тәжірибесі көрсеткендей, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді күрес үшін ашықтық, есептілік және азаматтық қоғамның белсенділігі маңызды рөл атқарады. Алайда Қазақстанның 2023 жылғы CPI көрсеткіші алдыңғы жылдармен салыстырғанда оң динамиканы көрсеткенімен, елдің алға қойған мақсаттарына жетуі үшін одан әрі жүйелі әрі тиімді шаралар қажет. Бұл сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетіп қана қоймай, еліміздің халықаралық аренадағы беделін де арттыра түседі.

Жемқорлыққа қарсы күрес

Біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ. Зұлымдыққа қарсы күресіп, күш-жігерімізді біріктіре түссек, біз алмайтын қамал қалмас еді. "Жемқорлыққа қарсы бірге күресейік!" деп жай ғана ұрандатып отыра берудің өзі парақорлардың қоғамда кең етек жаюына жол ашып отырғандай. Елімізде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң күшінде. Ал Ата Заң – бәріне ортақ заң. Ешкім өзінің мансабын асыра пайдалана алмайды. Қарапайым халыққа жанашырлық, бауырлық танытып, бір қазақтың өсуіне, өнуіне септігімізді тигізсек, нұр үстіне нұр болар еді. Қой үстінде бозтарғай жұмыртқалаған заманды "алма піс, аузыма түс" деген ұқсап аңсап отыра бермеу керек. "Жемқорлықпен тек мемлекет күресуі керек" деген орынсыз пікір. Мемлекет емес, біз өзімізден барлық дүниені бастауымыз керек. “Адамда тәрбие болмаса, берген білімнің бәрі бес тиын” деген ой осы тұста мақалаға тұздық болатын секілді. Ойымды нақтылай түсу үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөздерін түртіп кетуді жөн көрдім. "Өкінішке қарай, сыбайлас жемқорлық әлі де біздің қоғамның ауыр дерті болып отыр. Сыбайлас жемқорлық мемлекеттердің көпшілігінде бар. Қазақстан да одан сырт қалған жоқ. Онымен қалай күресіп жатыр немесе қалай әшкерелеп отыр – ол басқа мәселе".

Жемқорлық - тамыры тереңде жатқан дерт. Оның тереңдігі бір елді оңай құрдымға кетіре салады. Қара басының қамы үшін ғана биік қызметте жүргендер жемқорлықсыз қоғам құруға кедергі. Алдын алу үшін мемлекет тарапынан көптеген шара үздіксіз жүргізіліп жатыр. Осы орайда айта кеткен жөн, биыл 18 қарашада Қазақстанда алғаш рет сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдарының күні атап өтілді. Бұл күннің тарихи маңызы зор – 2014 жылы дәл осы күні ұлттық заңнамаға алғаш рет сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдары түсінігі енгізілді. Ал 2019 жылы Президенттің Жарлығымен тікелей Президентке есеп беретін дербес құқық қорғау органы – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі құрылды. Дамыған елдердің үлгісі негізінде агенттік алдын алу шараларын, қоғаммен ынтымақтастықты және қылмыстық-құқықтық тәсілдерді үйлестіре отырып жұмыс істейді.

Сонымен, "Қарыны тоқтық, уайымы жоқтық аздырар адам баласын" деп Абай атамыз айтып кеткендей, болашақта жеке басы мен лауазымына нұқсан келмеуі үшін әрбір адам жоғары қызметке келгенде адалдықтың ақ туын кірлетпеуі керек. Біз оқып өскен Төле би, Әйтеке, Қазыбек билердің турашылдығы, шыншылдығы кейінгі ұрпаққа үлгі болуы тиіс. "Болмасаң да ұқсап бақ" деген Абайдың сөзі осы жерге арқау болатындай. Рухани қасиет, адамға деген қамқорлық, қоғамға деген адалдық жоқ жерде елдің болашағы бұлыңғыр болады.

Әділетті Қазақстанда зұлымдыққа ешқашан орын жоқ. Сіз болып, біз болып жемқорлыққа қарсы күресті қолға алсақ, біздің қоғам алға өрлеп, даму сатысының ең шыңына жетеді. Қауіпсіз елде өмір сүру - біздің ең бағалы құндылығымыз. Өткенге көз жүгіртсек, қазақ елінің көп мәселесі шешімін тауыпты. Демек, мақаламызға арқау болған мәселенің де шешімі болатынына күмән жоқ. Елдің болашағы әр азаматтың адалдығына, әділдігіне байланысты. Жемқорлықпен күрес тек мемлекеттік деңгейде емес, біздің әрқайсымыздың жүрегімізде, ойымызда, ішкі жан дүниемізде басталуы тиіс.

Авторы: Ақмарал МАХАМБЕТӘЛІ

Біздің телеграмға қош келдіңіз!
308
0 Пікір
                                                                    
Қазір желіде отырғандар
Человек
Көп оқылған мақалалар
  • тәулік
  • апта
  • ай
  • жыл