Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Тек Астана қаласы бойынша 116 мың 189 азамат несиесін 90 күннен асса да өтей алмай отыр, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Астанада өткен брифингте «Қарызсыз қоғам» жобасының қалалық менторы Дулат Мыңбаев қала тұрғындарының қарыздық жағдайына байланысты өз ойымен бөлісті. Оның айтуынша, елімізде 90 күннен артық уақыт бойы несиесін өтей алмай жүргендер саны 1,6 миллион адамнан асып кеткен.
— Қаржы нарығын реттеу агенттігінің ақпараты бойынша, 90 күннен асқан несиесін өтей алмай жүрген азаматтардың саны 1 млн 600 мыңнан асып отыр. Сондықтан да біздің биылғы басты мақсат — несиесін өтей алмай жүрген азаматтарды толық заңгерлік сүйемелдеп, кеңес беріп, қолдау. Астана қаласы бойынша 116 мың 189 азамат несиесін 90 күннен асса да өтей алмай отыр. Осы орайда астаналық берешек азаматтардың 30 пайызын қамтып, қолдау көрсетсек деген меже қойып отырмыз, — деді ол елорда әкімдігінің баспасөз орталығында өткен жиында.
Сонымен қатар, ментордың айтуынша, қазіргі таңда елордада 15 972 тұрғын қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған оқудан өткен.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында азаматтардың қаржылық білімін жетілдіру мен қарыз салмағын азайту мәселесіне ерекше назар аударып, «Қарызсыз қоғам» бастамасын жалғастырудың өзектілігін атап өткен болатын.