| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Түркістан облысында бұрынғы бас дәрігер бюджет қаржысын жымқырып, Астанадан пәтер сатып алған, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Түркістан облысында медициналық жабдықтарды сатып алу кезінде бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.
ҚМА мәліметінше, "Қазығұрт аудандық орталық ауруханасы" МКК бұрынғы бас дәрігері медициналық газбен жабдықтау жүйесіне арналған құрылғыларды сатып алу кезінде оларды жасанды түрде бірнеше бөлікке бөліп, кейін көптеген келісімшарт жасау арқылы сатып алу схемасын ұйымдастырған.
- Схеманы жүзеге асыру үшін ол медициналық жабдықтарды жеткізу саласында тәжірибесі бар танысын тартқан. Ол өзінің, туыстары мен таныстарының атына тіркелген коммерциялық ұйымдарды пайдаланған. Осы компаниялардың атынан әдейі асыра көрсетілген коммерциялық ұсыныстар дайындалған. Сонымен қатар, жабдықты іс жүзінде басқа компания жеткізгенімен, қабылдау актілері мен келісімшарттар бақылауындағы фирмалар арқылы рәсімделген, - деп жазылған хабарламада.
Ауруханадан осы компаниялардың есепшоттарына қаржы түскеннен кейін күдіктілер оны қолма-қол ақшаға айналдырып, өзара бөліп алған.
Мемлекетке келтірілген жалпы шығын - 115 млн теңге. Қылмыстық жолмен келген табысқа күдікті елордадан екі бөлмелі пәтер сатып алған, сот санкциясымен бұл мүлікке тыйым салынды.
Бұрынғы бас дәрігерге бұлтартпау шарасы ретінде кепіл қолданылды, ал оның сыбайласы үйқамақта отыр.