| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Ақтауда логистикалық мүмкіндікті арттыратын жаңа порт жобасы іске қосылады, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Ақтауда құны шамамен 300 млн доллар болатын жаңа теңіз портын салу жоспарланып отыр. Инвестор компания өңірде тіркеліп, келісімге қол қоюға қажет құжаттарды дайындауда.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай жобаның маңызын атап өтті.
— Бұл бастама Қытайдан Еуропаға дейін созылатын жаңа көлік дәлізін дамытуға ықпал етеді. Порт іске қосылса, жүк жеткізу уақыты 7–15 күнге қысқарып, шығындар 25 пайызға дейін төмендейді, — деді ол.
Әкімнің сөзінше, Қазақстанды аймақтың басты көлік торабына айналдыру — стратегиялық міндет. Сондықтан логистикалық хабтар құру, олардың инфрақұрылымын күшейту ерекше маңызға ие.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов те жобаның ел экономикасына әсері зор екенін айтып, тиісті министрліктерге нақты тапсырмалар жүктеді. Оның айтуынша:
— Хабтарды толық іске қосу жүк айналымын арттырып, жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді, — деді Бектенов .
Бектенов Көлік министрлігіне Ақтаудағы контейнерлік хаб құрылысын ерекше бақылауда ұстауды тапсырды. Сонымен қатар арнайы экономикалық аймақ құру тұжырымдамасы жыл соңына дейін әзірленуі тиіс.
Жаңа порт салу арқылы Қазақстанның транзиттік әлеуеті нығайып, өңірге ірі инвестициялар тартылмақ.