| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Алматы облысында туған күн тойланып жатқан үйдің ауласына жеңіл көлік жоғары жылдамдықпен кіріп кеткен. Салдарынан екі әйел ауыр жарақат алып, олардың біріне аяғын ампутациялау қаупі төніп тұр, — деп хабарлайды Dauletten.kz.
Алматы облысының Қарасай ауданындағы Көксу ауылында ауыр жол-көлік оқиғасы болды. Алдын ала мәлімет бойынша, жеңіл автокөлік жоғары жылдамдықпен жеке тұрғын үйдің қоршауын бұзып өтіп, аулада туған күн тойлап отырған адамдарды қағып кеткен.
Оқиға салдарынан аулада болған екі әйел ауыр жарақат алды. Жәбірленуші тараптың айтуынша, олардың бірінің бірнеше қабырғасы сынған, ал екіншісінің аяғын ампутациялауға тура келуі мүмкін.
Зардап шеккен әйелдің сіңлісі әлеуметтік желіде оқиғаның видеосын жариялап, рөлде отырған 23 жастағы қыздың жүргізуші куәлігі болмағанын мәлімдеді. Сондай-ақ ол бастапқыда жүргізуші көлікте жалғыз болғанын айтқанымен, кейін куәгерлер көлікте өзге адамдардың да болғанын жеткізгенін жазды.
Жәбірленушілердің айтуынша, жедел жәрдем оқиға орнына шамамен бір сағаттан кейін жеткен. Олар тергеу барысында барлық мән-жай толық зерттеліп, кінәлілер заң аясында жауапқа тартылады деп үміттенетінін жеткізді.
Қазіргі уақытта оқиғаның нақты себептері мен барлық мән-жайын құқық қорғау органдары анықтап жатыр. Ресми тергеу нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады.