Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Алматыда жаңа жатақхана ашылды. Енді онда үш университеттің студенттері тұрады, – деп хабарлайды Dauletten.kz.
Алматыда 250 орындық жаңа заманауи студенттік жатақхана пайдалануға берілді. Алматы әкімдігінің хабарлауынша, жатақхана жаңа стандарттарға сай етіп салынған. Ғимаратта студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бейнабақылау жүйесі бар. Әр бөлмеде жеке санитарлық торап, тұрмыстық техника және өздігінен ас әзірлеуге арналған жабдықтар қарастырылған. Сонымен қатар студенттердің оқуы мен алаңсыз демалуына да барлық жағдай жасалған.
Атап өтерлігі, бұл жатақханада үш жоғары оқу орнының жастары тұрады. Мұнда қазіргі уақытта студенттердің алғашқы легі қоныстана бастаған.
– Алматыда жаңа студенттік жатақхананың ашылуы – студенттерге қолайлы оқу мен тұрмыс жағдайын қамтамасыз ету жөніндегі Президент тапсырмасын орындаудағы маңызды қадам. Біз бүгін орын тапшылығы мәселесін шешіп қана қоймай, жастарымыздың болашағына әрі қаланың дамуына қызмет ететін заманауи инфрақұрылым қалыптастырып жатырмыз, - деді Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Әзиз Қажденбек.
Нысан жеке инвестициялар есебінен салынған. Әкімдіктің мәліметінше, бүгінде екі тетік жұмыс істейді: жаңа жатақхана салған жағдайда алты жыл бойы әр студентке 230 АЕК көлемінде шығын өтеледі, ал ғимаратты қайта жаңғыртқан жағдайда сегіз жыл бойы 92 АЕК көлемінде төлем қарастырылған.
Жаңа оқу жылы басталғанға дейін Алматыда тағы үш заманауи жатақхана ашылады. Олардың жалпы сыйымдылығы 1 100-ден астам орынға есептелген. Жыл соңына дейін 15 жаңа нысан пайдалануға беріліп, 6 мыңнан астам студент қосымша орынмен қамтылады.
Қазіргі таңда қалада 120-дан астам жатақхана және шамамен 60 хостел жұмыс істейді. Олардың бір бөлігі студенттерді уақытша орналастыру бағдарламасына тартылған. Әр жоғары оқу орнында студенттердің тұрмыстық мәселелері мен шағымдарын қабылдайтын жедел орталықтар бар.