Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
«AMANAT» партиясының мүшелері 2 мамырды Қаржылық сауаттылық күні деп белгілеуді ұсынды. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың төрағалығымен өткен «Қарызсыз қоғам» жобасын жүзеге асыру жөніндегі кеңес барысында айтылды, деп хабарлайды Dauletten.kz.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахмановтың айтуынша, жобаның ауқымын кеңейту туралы арнайы меморандум әзірленген.
«Құжат аясында 9 мемлекеттік орган, 12 банк, Қазақстан Қаржыгерлерінің қауымдастығы және Микроқаржы ұйымдарының қауымдастығы жобаны іске асыруға қосылды. Азаматтарға консультациялық көмек көрсету үшін барлық өңірде «Қарызсыз қоғам» жобалық кеңселері құрылды. Жергілікті атқарушы органдар оларды техникалық жабдықтау үшін шаралар қабылдауы қажет», - деді ол.
Келесі жылы «Қарызсыз қоғам» қаржылық сауаттылық курстары еліміздің барлық өңірінде ұйымдастырылып, 200 мыңға жуық адамды оқыту жоспарлануда. Курста 90 күннен артық мерзімі өткен қарызы бар адамдарға басымдық беріледі.
Сонымен қатар, қаржылық сауат курстары мектептер мен жоғары оқу орындарында да өтеді. Бұл жалпы 1 млн адамды қамтуға мүмкіндік береді. Ол үшін Ғылым және жоғары білім министрлігі арнайы оқу курсын әзірлеуде, оны 2024 жылдан бастап енгізу жоспарланып отыр. Ал Оқу-ағарту министрлігі оқушылардың қаржылық сауатын арттыру үшін мектепте қолданыстағы «Жаһандық құзыреттілік» пәнін пайдалануды ұсынады.
Ол үшін «Қарызсыз қоғам» партиялық жобасының мамандары «Ұлы Дала» қауымдастығымен бірлесіп, тәуелсіз сарапшылар мен мұғалімдерді тарта отырып, «Жаһандық құзыреттілік» пәніне аудит жүргізді. Сонымен қатар, ата-аналар мен мектеп оқушыларының арасында сауалнама өткізілді. Бұл туралы «AMANAT» партиясының Хатшысы Эльдар Жұмағазиев айтты.
«Жаһандық құзыреттілік оқулығы күрделі жазылған, тіпті, кей жерлері түсініксіз. Білім алушылардың жас ерекшелігі мен қызығушылығы ескерілмеген. Сонымен қатар, бұл – факультатив. Ал қаржылық сауат бойынша әлемдік рейтингте жоғары орында тұрған елдерде (Финляндия, Жапония) бұл пән міндетті болып табылады. Түрлі пәндер бойынша қаржылық сұрақтарға бөлінетін сағаттар саны да әр мектепте әртүрлі», – деді ол.
Кеңес жиынын қорытындылай келе, Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев халық арасындағы түсіндіру жұмысының маңыздылығын атап өтті.
«Жобаның пайдалы әрі маңызды екенін барлығы түсініп отыр. Бұл Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы. Оны сапалы жүзеге асыру – орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың ортақ міндеті. Бұған қатысты Үкімет партияға жан-жақты көмек көрсетеді», - деді ол.
Курсқа жазылу үшін тұрғылықты жері бойынша «AMANAT» партиясының аудандық филиалына хабарласу қажет. Жобаға қатысушылар күндізгі форматта сауатын арттырып, бір топта 50 адамға дейін оқытылады. Дәрістің ұзақтығы – 5 жұмыс күні. Қазіргі уақытта қаржылық сауат курсынан Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарының тұрғындары өте алады.