Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Көрісу күнінде Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров 110 жастағы тыл еңбеккері Жәкібай Бисенғалиеваның үйіне барып, қарт кісімен жүздесті, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Асхат Шахаров әжей мен оның отбасын Көрісу күні мерекесімен құттықтады.
- Сіз көптеген сынақты бастан кешірдіңіз, соған қарамастан жүрегіңіз мықты. Өзіңізден мейірімділік пен жылулық есіп тұр. Данагөйлігіңіз, ақыл-кеңесіңіз бен қолдауыңыз берік отбасылық дәстүрдің негізі болып отыр. Әр күн сізге қуаныш пен бақыт әкелсін, жақындарыңыздың қамқорлығына бөленіп жүре беріңіз, — деді аймақ басшысы.
Жәкібай Бисенғалиева — тағдырдың талай ауыр сынағын басынан өткерсе де, мойымаған жан. Ол 1915 жылы туған. Ұзақ жыл қазіргі Хромтау ауданында тұрып, қамбада астықты таразылаудан бастап, трактор жүргізуге дейінгі жұмыстарды атқарған. Сондай-ақ кітапханашы, сауыншы болып еңбек еткен. Сұрапыл соғыс жылдарында еш қиындыққа қарамастан, майданға көмектесу үшін жұмыстан қол үзбеген.
Жолдасы Ғабит Бисенғалиев соғыстан елге І топтағы мүгедек болып оралған. Ол 1993 жылы өмірден өткен. Ерлі-зайыптылар үш бала тәрбиелеп өсірген. Жәкібай Бисенғалиеваны 74 жасында балалары мен немерелері қалаға көшіріп әкелген. Қазір қария немересі Данияр және оның отбасымен бірге тұрады. Әжейдің үш немересі мен жеті шөбересі бар. Әкімдіктің мәліметінше, бүгінде Ақтөбеде 100 жастан асқан екі адам тұрады. Сәуір-мамыр айларында тағы бес ақтөбелік ғасырлық мерейтойын атап өтеді.