| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезекті Жолдауында ұстаздардың құқығын қорғау мен оларға қолайлы жағдай жасау мәселесі тағы да басты назарға шықты. Осыған байланысты Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Парламент кулуарында БАҚ өкілдеріне сұқбат беріп, мұғалімдерді шаршатқан «цифрлық қағазбастылық», түнгі чаттар мен әлеуметтік желі талаптарын шектеуге бағытталған жаңа заң жобасы әзірленіп жатқанын мәлімдеді, — деп хабарлайды Dauletten.kz.
Соңғы жылдары білім саласында оң өзгерістер орын алғанымен, педагогтердің иығына түсетін жанама міндеттер азаяр емес. Депутаттың айтуынша, бұрынғы дәстүрлі қағазбастылықтың орнын енді түрлі ақпараттық жүйелер мен әлеуметтік желілердегі міндеттемелер басты.
- Бүгін Мемлекет басшысы ұстаздардың құқығын қорғауға қатысты тапсырма берді. Мен Үкіметте жұмыс істеген кезде де Президенттің қабылдауына барғанда ең алдымен ұстаздарды қорғау және қолдауға қатысты сұрақ қоятын. 7 жылдың ішінде білім саласында ұстаздарға қатысты үлкен, оң өзгерістер қабылданды, – деп атап өтті Асхат Аймағамбетов.
Сандық жүйелер интеграцияланса, мұғалім дерек жинаушыға айналмас еді
Аймағамбетов мемлекеттік органдардың сандық жүйелері бір-бірімен байланыспағандықтан, барлық ауыртпалық мектеп қызметкерлеріне түсіп отырғанына қынжылыс білдірді. Ата-аналардан жеке мәліметтерді қолдан жинау сынып жетекшілері мен әлеуметтік педагогтерге артық салмақ салып, ұстаздың негізгі міндеті – сапалы білім беру процесіне кедергі келтіруде.
- Қазір қағазбастылық проблемасы көбейді. Бұрын біз тек қағазбастылық деп айтсақ, енді оған қосымша түрлі ақпараттық жүйелер енгізіліп жатыр. Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін өзара интеграциялау арқылы деректерді жинаудың орнына, әлеуметтік педагогтерге, сынып жетекшілерге, мұғалімдерге тапсырма беріп, ата-аналарды шақыртып, жеке деректерін жинап жатыр. Ұстаздар сабақ бере ме, әлде ата-аналардан жеке деректерін аламын деп сөз ести ме? – деді депутат.
Түнгі чаттар мен «Reels» тренді: Ұстаздың жеке шекарасы қайда?
Асхат Аймағамбетов мұғалімдердің жеке өмірі мен демалыс уақытына қол сұғатын кейбір әрекеттерді де ашық сынады. Мектеп өмірінде қалыпты әдетке айналып бара жатқан түнгі хабарламалар мен әлеуметтік желіге видео (Reels) түсіру талаптары да заңнамалық деңгейде реттелуі тиіс.
- Түнгі сағат екі шамасында «Неге менің балама баға қойған жоқсың, неге оның бағасы 3, неге 4?» деген сияқты қажет емес хабарламалар ата-аналар чатына жіберіледі. «WhatsApp чаттар», «Reels-терді кеше әлеуметтік желіге жариялау керек еді» деген де проблемалар бар. Осының барлығын шешу – өте маңызды бастама. Мұғалімдердің жұмысын жеңілдету, қолдау, қорғау маңызды деп ойлаймын, – деп жауап берді Құрылтай депутаты кулуарда.
Парламент депутаттары Мемлекет басшысының тапсырмасын негізге ала отырып, мұғалім мәртебесін қорғауды одан әрі күшейтетін заң жобасын әзірлеуге кірісті. Түзетулер тек қағазбастылықты шектеуді емес, сонымен бірге педагогке көрсетілетін құрмет пен дөрекілікке жол бермеу мәселелерін де қамтиды.
- Мұғалімдерге дөрекі сөйлеу, олардың қадір-қасиетіне қатысты мәселелер жайлы да Мемлекет басшысы пікірін айтты. Мұның барлығы – мұғалімге деген қамқорлық. Мұғалімге қамқорлық көрсету – тек ұстаздың өзін қолдау емес, балаларымыздың, болашағымыздың қамын ойлау. Сол себепті Президенттің берген тапсырмалары бойынша біз арнайы заң жобасын дайындап, қарастырамыз», – деді депутат.
Осылайша, мұғалімді артық міндеттер мен психологиялық қысымнан арылту – еліміздің білім жүйесін реформалаудың маңызды қадамына айналмақ.