Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі "Астана Банкі" АҚ-ның бұрынғы басшылары мен қызметкерлеріне қатысты сот үкімінің шыққанын хабарлады. Ведомство мәліметінше, банктің экс-басшысы Олжас Тоқтаров сырттай 10 жылға бас бостандығынан айырылды, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Агенттіктің ресми өкілі Данияр Бигайдаровтың айтуынша, биыл бірқатар істер бойынша сот үкімдері шығып, мемлекетке келтірілген шығындар да жарияланды.
2025 жылғы 22 сәуірде Астана қаласының Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты "Астана Банкі" АҚ-ның бұрынғы лауазымды тұлғаларына қатысты айыптау үкімін шығарған.
- Сот шешімімен Директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы әрі мажоритарлық акционер Тоқтаров банктің банкротқа ұшырау алдындағы кезеңінде агенттік қызмет көрсету желеуімен қаржы жымқыру және Алматы қаласындағы бизнес орталықты өз бақылауындағы компанияның пайдасына заңсыз беру ісі бойынша кінәлі деп танылды. Нәтижесінде оның жалпы құны 14 миллиард теңгеден асатын мүлкі – тұрғын үйлер, әкімшілік және өндірістік нысандар, ғимараттар, жер телімдері, бағалы қағаздар мен криптовалюта тәркіленді. Ол сырттай 10 жылға сотталды, – деді агенттіктің ресми өкілі.
Сонымен қатар, банктің филиалдары, департаменттері мен басқармаларында жұмыс істеген кейбір қызметкерлер де қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
- Олар тергеу және сот органдарымен ынтымақтасып, кінәларын толық мойындап, заңсыз әрекеттердің бетін ашуға көмектескен. Осыны ескере отырып, сот оларды бас бостандығынан айырмайтын жазамен шектеді, – деп мәлімдеді Бигайдаров.
Айта кетейік, 2018 жылғы 18 қыркүйекте Ұлттық банк шешімімен "Астана Банкі" АҚ барлық банктік операцияларды жүргізу құқығынан айырылған болатын. Ал 26 қарашада Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты банктің лицензиясын қайтарып алу туралы шешім қабылдады. 27 желтоқсанда Алматы қалалық соты бұл шешімге заңды күш енбегенін хабарлаған, себебі 26 қарашада бұл шешімге қарсы 6 заңды және 3 жеке тұлғадан апелляциялық шағым келіп түскен еді.