Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Солтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік аттестациядан өте алмаған мектептерге олқылықтарды жоюға бір жылға дейін уақыт берілмек. Осы мерзім ішінде тиісті талаптар орындалмаса – мектеп түлектеріне мемлекеттік білім туралы құжат берілмеуі мүмкін.
СҚО Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті кеше өткен баспасөз мәслихатында өңірдегі 16 білім беру ұйымының 14-і мемлекеттік аттестациядан өте алмағанын айтқан еді. Мамандар аттестациядан өтпеуінен осы мектептердің түлектеріне мемлекеттік білім туралы құжат берілмеуі мүмкіндігін ескертті.
Департамент басшысы Айнагүл Сұрағанова осы мәселеге қатысты түсінік берді.
«Аттестациядан өте алмаған мектептерге ескерту жасап жатырмыз. Оқу жылының соңына дейін уақыттары бар. Мектеп түлектеріне аттестат маусым айының ортасында беріледі ғой. Оған дейін білім ордалары аттестациядан өтулері қажет. Өте алмағандарға қандай да бір құқықтық шара қоланылып жатқан жоқ. Түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өйткені бұл бұрынғы аттестациядан ерекше. Мұнда біз мектепке бармай, мектептің өзін-өзі бағалауы материалдарын онлайн зерделейміз, эксперттік топтан комиссия құрылып, шешім шығарылады.
Ал мектеп мемлекеттік аттестациядан өте алмаған жағдайда оның директорымен келесі өту мерзімі бекітіледі. Ол екі аптадан кейін немесе жарты жылдан кейін болуы мүмкін. Осылайша екінші рет аттестацияға құжаттарын тапсырады. Егер де екінші рет өтпеген жағдайда онда бұл мектеп профилактикалық бақылауға ілігеді. Ондайда мектепке бару арқылы олардың жұмысы зерделенеді», - деді Айнагүл Сұрағанова ҚазАқпарат тілшісіне берген жауабында.
Жалпы аттестаттау аяқталған күні мектепке қорытынды беріледі. Мемлекеттік аттестаттаудан өтпеген жағдайда, 5 күннің ішінде мектеп олқылықтарды жоюға арналған жоспар жасауы тиіс. Сол жоспарда қайталама аттестаттаудың мерзімі анықталады. Ол мерзім кем дегенде 10 күн, көп дегенде бір жылға дейін болуы мүмкін.
«Мамыр, маусым айының басында тұрған мектептерді алдын ала ескерттік. Жергілікті атқарушы органдар бар, бәрі жабылып, әдістемелік кабинеттер көмек көрсетіп, мемлекеттік аттестациядан өте алмай қалу қаупі бар екенін айтып жатырмыз. Білім басқармасын да сәуір айының басында ескерттік. Олар, әрине тиісті шараларды қолданып жатыр. Арнайы жоспар құрып, мектептерге әдістемелік көмектерін беріп жатыр. Бұл мәселе «Amanat» партиясының отырысына да шығарылған. Білім басқармасының баяндамасы тыңдалды. Олар бұл мәселенің алдын алу мақсатында барынша жұмыс істеп жатыр», - дейді департамент басшысы.