Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Бес жыл бұрын әлемді дүр сілкіндірген “Омикрон” штамы Азияда қайта күшейіп келеді. Әсіресе Гонконг пен Сингапурде жағдай ушығуда. Қазіргі таңда 14 мыңнан астам адамнан “LP.8.1” деп аталатын вирустың жаңа нұсқасы анықталған. Жаңа толқынның таралуы жаһан жұртын алаңдатып отыр. Эпидемиологиялық ахуал нашарлай берсе, вакцина салу жұмыстары қайта басталуы ықтимал, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Гонконг, Сингапур, Қытай және Таиландтағы жағдай көңіл көншітпейді. Гонконг дәрігерлері “Омикронның” жаңа толқыны басталғанын растады. Тек осы айдың өзінде 30-дан астам адам көз жұмды. Сингапурде ай басталғалы бері 14 мыңнан аса науқас тіркелген. Күн сайын шамамен 130 адам ауруханаға түсуде. Олардың көбі — 65 жастан асқандар.
Отандық мамандар вирустың жаңа штамының белгілерін атап өтті.
- COVID-тің жаңа түрі баяу таралуда. Бұл — “Омикрон” штамының мутацияланған нұсқасы. Қазіргі таңда ол аса қауіп төндірмейді. Иә, шағын толқын байқалады. Бұл мутация вирустың белок құрылымына әсер еткен. Белгілері — тамақтың ауырсынуы, мұрынның бітелуі, түшкіру және құрғақ жөтел”, — дейді медицина ғылымдарының докторы Дмитрий Еделев.
Сонымен қатар, әлсіздік сезіліп, дене сырқырай бастайды. Бірнеше күннен кейін температура 39 градусқа дейін көтеріліп, жағдай күрделене түсуі мүмкін. Биыл Қазақстанда 329 жағдай тіркелген, өлім-жітім жоқ. Бұл көрсеткіш былтырғыдан төрт есе аз. Елдегі эпиджағдай бақылауда болғандықтан, үрейленуге негіз жоқ, дейді жауапты мекемелер.
Мамандардың айтуынша, “Омикрон” бұрынғыдай қауіпті емес, науқастарда ауру жеңіл түрде өтеді. Адамзатқа тікелей қатер төндіріп тұрған жоқ. Қазақстанда жағдай тұрақты. “Алаңдауға, дүрбелеңге түсуге себеп жоқ”, — дейді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті басқармасының басшысы Жасұлан Алпысбаев.
Айта кетейік, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы COVID-19 пандемиясын жариялағанына биыл бес жыл толды. Осы уақыт ішінде әлем бойынша 700 миллионнан астам адам вирус жұқтырып, 7 миллионы қайтыс болды. Бұл індет адамзат тарихындағы ең қауіпті эпидемиялардың бірі болып есептеледі. Бұрын-соңды болмаған шектеулер енгізіліп, халық ұзақ уақыт карантинге жабылған еді. Сондықтан халықтың алаңдауы — орынды.