| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Мәжілісте қаралып жатқан заң жобасы аясында азаматтардың интернет балансы нөл немесе минуста болған жағдайда да негізгі мемлекеттік сервистерге тегін кіру мүмкіндігін қарастыратын жаңа норма ұсынылды, — деп хабарлайды Dauletten.kz.
Мәжіліс депутаты Әбутәліп Мүтәлінің айтуынша, бұл бастама цифрлық мемлекетті дамыту жолындағы маңызды қадамдардың бірі болып саналады.
Оның сөзінше, цифрлық инфрақұрылымның басты шарты – азаматтардың мемлекеттік қызметтерге үздіксіз қолжетімділігі. Осы себепті ұсынылып отырған норма интернет балансы болмаған жағдайда да eGov және өзге де негізгі сервистерді пайдалануға мүмкіндік беруді көздейді.
- Бұл мәселе де талқылаудан өтті. Бірақ операторлар тарапынан қатты қарсылық болған жоқ. Өйткені олардың өздері де түсініп отыр: егер біз үш жыл ішінде цифрлық мемлекет құрамыз десек, Президент қойған міндеттерді орындаймыз десек, жасанды интеллект дамыған елге айналамыз десек, онда ең алдымен цифрлық қолжетімділік болуы керек. Ал цифрлық қолжетімділік ең бірінші мемлекеттік қызметтерге қолжетімділіктен басталады, – деді депутат.
Қазіргі таңда Қазақстан электронды құжаттарды қолдану бойынша алдыңғы қатарлы елдердің бірі саналады. Дегенмен кей жағдайларда азаматтардың интернет балансы болмаған кезде eGov порталына кіру мүмкін болмай қалатыны айтылды.
- Қазір біз электронды жеке куәлік пен паспортты онлайн көрсетіп жүрміз. Бірақ кейде әуежайда немесе вокзалда тексеру кезінде балансыңыз минус болып, оны толықтыруға мүмкіндік жоқ болады. Сол кезде eGov-қа кіру қиындық тудырады, – деді ол.
Жаңа нормаға сәйкес, азаматтар балансы минуста болса да негізгі мемлекеттік сервистерді тегін пайдалана алады. Алғашқы кезеңде eGov, салық қызметтері және өтініш беру жүйелерін қоса алғанда шамамен 7 мемлекеттік ресурс тегін қолжетімді болмақ.
Сонымен қатар, министрлік алдағы уақытта тегін сервистер тізімін кеңейту мүмкіндігін қарастырып отыр. Халық тарапынан білім беру платформалары мен университет жүйелерін де осы тізімге енгізу туралы ұсыныстар түсуде.