Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Жуырда «Dauletten» қайырымдылық қоры ұйымдастырған «Білімнің жұлдызы-2023» байқауының қорытындысы шықты. Қазақстанның түкпір-түкпірінен шәкіртақыны алуға ниетті 854 студент өтінім жіберген, деп хабарлайды Dauletten.kz.
Білімді жастар – ілгері дамудың негізгі қозғаушы күші, еліміздің дүниежүзілік аренада бәсекеге қабілеттілігінің басты факторы. Сондықтан да олардың сапалы білім алуы мен іс бастауына мүмкіндікті арттыру, жарқын болашақты осы бастан қалыптастырумен бірдей.
2019 жылы бастау алған «Білімнің жұлдызы» қайырымдылық жобасы еліміздегі білімді, әрі талантты жастарды қолдауды мақсат етеді. Алғашында меценаттардың және қайырымды жандардың қаржылай қолдауымен 50-ге тарта мектеп оқушыларының әрқайсысына 100 мың теңгелік шәкіртақы берілген. Ал биылғы конкурсқа жоғары оқу орындары мен колледж студенттері қатысты.
Қор іріктеуден өткен 200 студентке 100 мың теңге көлемінде бір реттік шәкіртақы тағайындайды.
«2023 жылы дәстүрді жалғап, «Білімнің жұлдызы» шәкіртақысын жоғары оқу орны және колледж студенттеріне арнап өткіздік. Байқауға 854 өтінім келіп түсті. Оның ішінде, 774-ін жоғары оқу орындарының, ал 80-ін колледж студенттері жіберген. Қатысушылардың қатарында мемлекеттік және өзге де грант иегерлері мен ақылы бөлімде білім алушылар да бар. Араларынан ең үздік 200 студентті, яғни 17 колледж және 183 ЖОО студентін іріктеп алдық. Жеңімпаздарды анықтауда мотивациялық хат, оқу үлгерімі мен әлеуметтік жағдайлары ескерілді. Сондықтан да, шәкіртақы иегерлерінің басым көпшілігі жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, көпбалалы отбасы, толық емес жанұяда өскендер, ата-анасының екеуінде де немесе біреуінде мүгедектік бар жандар және мүмкіндігі шектеулі студенттерден болды. Ал құжатты толық жүктемеген қатысушылар байқаудан шеттетілді», - дейді қор жетекшісі Жасұлан Қуандық.
Айта кетейік, «Білімнің жұлдызы» шәкіртақысының конкурстық деңгейі 1-10 сәуір аралығында өтті. Үздік студенттерге шәкіртақылар тікелей жеке шоттарына аударылатын болады.
Жеңімпаздар тізімін мына сілтемеден көруге болады.