Brent
WTI
kz
kz ru
Астана
Астана
Алматы
Ақтау
Ақтөбе
Атырау
Қарағанды
Көкшетау
Қостанай
Қызылорда
Павлодар
Семей
Петропавл
Талдықорған
Тараз
Шымкент
Орал
Өскемен
CNY
MNT
KGS
UZS
TRY
Сіздің өтінішіңіз сәтті жіберілді, Рақмет!
Жаңалықтар
Дәстүр діңгегі - дінде

Дәстүр діңгегі - дінде

01.10.2024
2 мин
0
523
Сурет: Massaget.kz

Қоғамда дін мен дәстүр – егіз деген ұғым бар. Жалпы, мұндай түсінік қайдан шықты? Дін мен дәстүрдің бір-біріне қандай байланысы бар? Олардың қандайда бір өзіндік айырмашылығы немесе ерекшелігі бар ма? Осы және өзге де сұрақтарға Dauletten.kz сайтының тілшісі Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасымен ұйымдастырылған байқауға қатысу мақсатында жауап іздеп көрмек.

Дін мен дәстүр

Дін мен дәстүр деген не? Мақаланың төркінін осыны тарқатудан бастайық. Дін сөзінің аясы кең, ұғымы терең. Дін – араб тілінен аударғанда – сыйлық, үкім, есеп, жаза, мойынсұну, бағыну, құлшылық, шариғат, заң, жол деген мағынаны білдіреді. Яғни, дін – адамзатпен бірге өмір сүретін күш. Әлемде діннің 10 мыңнан астам түрі белгілі. Діннің мақсаты - барлық адамзатты игі іс жасауға шақыру. Дін зұлымдықты көздемейді. Керісінше, әлемде мейрімділіктің үстем құруына негіз болады. Бұл дегеніміз ұлттық бірегейлік пен жалпыұлттық құндылықтарды қалыптастыруда дін мен қоғамның үйлесімде болуының мәні зор екенін білдіреді. Ал дәстүр дегеніміз - әлеуметтік-мәдени мұраның ұзақ уақыт бойы атадан кейінгі ұрпаққа қалатын әдетке айналған, сол қоғамның немесе әлеуметтік топтың құндылықтар жүйесі мен ережелеріне ұласқан бөлігі.

Өзіміздің тарихқа бір шолу жасайық. Қазақ халқының мәні терең тарихына сонау ғасырдан бастап көз тастасақ, біздің еліміз мұсылмандық жолдан ешқашан алыстаған емес. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мына бір ойы еске түседі: "Халқымыз мың жылдан астам уақыттан бері мұсылман өркениетінің құрамына кіреді. Ислам елімізде діннің, мәдениеттің, білім мен ғылымның өркендеуіне оң ықпал етті. Әбу Насыр әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашқари сынды шығыс Ренессансындағы ұлы ғалымдар мұсылмандық ізгілік дәстүрлерін қалыптастыруға елеулі үлес қосты. Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп бастаған қазақ халқының рухани дүниесі Ислам ағартушылығы шеңберінде қалыптасты".

Иә, осы жолда қаншама тұлғалардың еңбектерін оқыдық. Соның бірі Мұхтар Әуезовтің "Абай жолы" романына зер салсақ, 19 ғасырдағы қазақ халқының дәстүрі мен діні кеңінен көрініс тапқан. Абайдың дінге жақындығы, имандылығы, сонымен қатар әкесі Құнанбайдың алғаш болып мешіт салдыруы, Меккеге қажылыққа барып келуі – мұның бәрі сол заманның мұсылман дініне деген үлкен құрметін көрсетеді. Сонымен қатар қыз айттыру, әмеңгерлік, бесік құда секілді қазақтың ескі дәстүрлері шынайы оқиға негізінде суреттелген.

Ғасырлар бойы жүйеленген біздің ұлттық құндылықтарымыз – дін мен дәстүр егіз ұғым іспетті. Әдемі де әдепті салт-дәстүрлерімізді ислам тұрғысында көпшілікке дәріптеп келеміз. Мысалы, тұсаукесер. Бұл қазақтың ежелден келе жатқан салты. Баланың болашағы үшін алаңдайтын әрбір ата-ана мәртебелі, дуалы ауызды, елге қадірлі адамға баласының тұсауын кестіреді. Тұсау кескен адам өзінің аппақ тілегі мен әдемі ризашылығын жеткізеді. Ал енді бір сәт зер салайық. Ислам діні бізге мейірімділікті, жақсы ой ойлауды, үлкенді қадірлеп-сыйлауды үйретті. Қалыптасқан дәстүр бойынша бұл жерде үлкендерге деген құрмет, кішілерге деген ізет ұштасып жатыр. Қазақ халқы өзінің дәстүрін дәріптей отырып, дінге деген қызметін қоса атқаруда. Біздің таным-түсінігіміз дін мен дәстүрді қоса ұстанады.

Ал енді дін туралы түсінікке тоқталайын. Ислам діні – сонау заманнан бастап сол қалпында сақталып келе жатқан құндылық. Бұрынғы кезеңдерде дін туралы сөйлеуге, исламды жақын тануға рұқсат етілмеген. Алайда Алланы сүйген талай жүректер өлең, мақал-мәтел, дастан арқылы дінге деген оң көзқарастарын анық жеткізіп отырған. Одан кейін, біз Тәуелсіздік алып, өз алдында зайырлы мемлекет атандық. Біздің дініміз бен дәстүріміз жаңғырып, дініміздің қағидалары көпшілікке тарала бастады. Дінімізді дәріптеп жүрген әрбір тұлғаның айтар ойы мен берер тәлімі – ол салтымызды сақтай отырып, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, адамгершілікке баулу, қамқорлыққа дағдыландыру. Жастайынан рухани тұрғыдан мол байлық жинап өскен адам үлкен қызметке келген кезде әділетсіздікке, парақорлыққа ешқашан жол бермейді. Яғни, ең мықты тәрбиенің түп тамыры дінде жатыр десек артық айтпағанымыз. Соның ішінде ислам діні алға дамудың, ғылым мен білім тұрғысынан өсудің бастамасы.

Әлемге бір сәт көз салып қарасақ, нашақорлық, маскүнемдік, ұрлық-қарлық кеңінен белең алып жатыр. Алайда дінде мұндай теріс қылықтарға рұқсат берілмеген. Себебі дін мен дәстүр тектілікке және даналыққа жол бастайды.

Осы орайда назарды тағы да қазақ халқының салт-дәстүріне аударамыз. Мысалы, сүндет той, неке қию, садақа беру. Бұлар екі дүниеге де нәзік жол сілтейтін құндылықтар. Ата-бабаларымыздан талай ғасырдан-ғасырға аманат болып жеткен дәстүріміздің барлығы діннен бастау алған. Біздің дініміз, ислам діні - салт-дәстүрімізде өзіндік із қалдыруда.

"Ислам діні тек қана наным-сенім аясымен шектелмей, сол діндегі елдердің өмір салтына, моральдық-этикалық нормаларына, мәдени-рухани үрдістеріне, дәстүріне айналып отыр" деп А. Сейдімбек айтқандай, біз үшін ислам діні адамгершілік пен тәртіптің, адалдық пен әділдіктің қайталанбас тұғыры. Біздің дініміз – қоғамның ажырамас бөлігі. Қазақ елінің қоғамы әрқашан өзінің тектілігімен, бауырмалдығымен, қонақжайлығымен баршаға мәлім. Барлық әдеп-ғұрыптың түбінде дін жатыр. Ақсақалды аталарымыз бен жаулығы аппақ әжелеріміз дініміз бен дәстүріміздің көркін аша түскендей.

"Пенде мақсаты - адам болу" деп Абай атамыз айтпақшы, біздің мақсатымыз - тек имани құндылықтар арқылы бастау алса нұр үстіне нұр болар еді. Ислам діні туралы тоқтаусыз айтуға болады. Себебі діннің басты мақсаты – ұлттық болмысымызды, асыл дүниелерімізді, көнеден келе жатқан жауһарларымызды жалғау. Осы тұста дін мен дәстүр ұғымы егіздей. Дін – адам баласының туғаннан ақтық сапарға жеткенінше рухани тірегі болса, дәстүр – ғұмыр бойы жалғас табатын бағалы дүние.

Тарихты зерделесек, біздің бабаларымыз дәстүр мен дінді ерекше бағалаған. Мысалы, Тәуке ханның "Жеті жарғысында" жеті атаға дейін жас жұбайларға үйленуге тыйым салған. Бұл дегеніміз шариғатты негізге ала отырып, дін бойынша дәстүрдің сақталуын қадағалау. Дін мен дәстүр ұғымында ерекше атап өтетін дүние - қызға деген құрмет. Қызды құрметтеу, қонақ деп сыйлау, оны тәрбиелеу дәстүрде де, дінде де анық көрсетілген. Біздің дініміз адамның бәрін мейірімділікке шақырады. Біз ешқашан ұрыс-жанжалды, төңкерісті, қан төгуді қолдамаймыз. Осының өзі біздің ұлттық құндылықтарымыздың адалдық жолындағы байлық екенін дәлелдей түседі.

Ислам діні – тек игі істер жасауға шақырады. Ешкімнің ала жібін аттамау қағидасын бойға сіңіріп өскен әрбір қазақ жақсылық пен ізгілікті ұрпаққа аманаттап келеді. Осы тұста үлкенге көрсететін құрметтер, адамның адамға білдірген көмегі игі істердің бастамасы дер едім. Дінімізді арқау етіп игі іске ат салысып жүрген жүрегі жомарт жандар қаншама. Ең қарапайымы - өзге адамды жылы сөзбен қуанту, болашағына үміт сыйлау. Тіпті қарасаңыз, айналамыздың тазалығына ат салысу игі істің бірегейі. "Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің", "Жақсы ниет – жарым ырыс" деген қазақ даналықтарын бойға сіңіріп өскен халықпыз. Біз үшін ислам діні – татулықтың, ауызбіршіліктің, жомарттықтың үлгісі. Ал дәстүріміз ұлттық сананы қалыптастыра отырып, тұлға болуға тәрбиелейтін құндылық.

Дін мен дәстүрсіз қоғам болмайды

Ұлттың ұлттық бейнесі – сол ұлттың тікелей салт-дәстүріне байланысты. Ал дін – ұлттың ізгі қасиеттерін асқақтатады. Міне, дін мен дәстүр – егіз деген ұғым осыдан шыққан. Десе де, ұмытпаған абзал. Ата-заңымызда "мемлекеттің басты қазынасы – адам және оның өмірі" деп айқындалған, кез келген жағдайда елдің басты қазынасы адамның амандығы бірінші орында тұрады. Яғни қоғамға зарар беретін кез келген мүдде зиянды болмақ. Соның ішіндегі діни экстремизм ауада тұрған вирус іспеттес. Көзбен көре алмайсың, бірақ бар екенін білесің. Ол қай жерде таралса, сол аймаққа қауіп төндірмей қоймайды. Ал салдарымен мемлекет күресуге мәжбүр болады. Сондықтан кез келген жастағы тұлғаны жат ағымдардың арбауына түсіп қалмауынан сақтауымыз керек. Ол үшін профилактикалық жұмыс үздіксіз жүргізілуі керек. Осы орайда айта кетейік, мектепте, колледж, университет және басқа да оқу орындарында жасөспірімдермен жүргізілетін алдын алу шаралары теріс ағымнан сақтайтыны сөзсіз.

Қорыта айтқанда, дін мен дәстүрдің мақсат, мүддесі бір арнада тоғысады. Дініміз - діңгек, дәстүріміз - тамыр. Діңгегіміз тамыры терең бәйтерекке айналып, еліміздің рухани құндылықтары дәріптеле берсін. 

Біздің телеграмға қош келдіңіз!
308
0 Пікір
                                                                    
Қазір желіде отырғандар
Человек
Көп оқылған мақалалар
  • тәулік
  • апта
  • ай
  • жыл