Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
"Dauletten" қайырымдылық қоры бес жылдық есеп беру концертінде 80-баспананың кілтін мұқтаж жанға табыстады, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Биыл аталмыш қордың құрылғанына 5 жыл толып отыр. Осыған орай Астана қаласында орналасқан Әзірбайжан Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрында мерейтойлық есеп беру кеші өткізілді.
Кештің басты мақсаты — қор құрылған уақыттан бері атқарылған жұмысты жұртшылыққа таныстыру, ашық есеп беру, қолдау көрсеткен халық пен демеушілерге алғыс білдіру.
Бағдарлама барысында арнайы дайындалған деректі фильм көрсетіліп, қордың құрылу тарихы мен бастамалары баяндалды.
Шараның ресми бөлігінде қор басшысы Жасұлан Бостандықұлы 5 жылда жүзеге асқан ауқымды жобалар мен маңызды бастамаларға кеңінен тоқталды. Сонымен қатар ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қамқоршылар кеңесінің төрағасы Дәулет Төлеутаев та ізгі тілегін білдірді.
- Жалпы, осы уақыттар ішінде 1,2 млрд тг көлемінде қайырымдылық жасалды. 5000-нан астам отбасы азық-түлікпен қамтамасыз етілді, 512 адам өз шаңырағында қоныс тойын атап өтті, осы жылғы жобаны қосқанда 700 білімді жасқа шәкіртақы тағайындалды. Бүгін 80 отбасыға баспана кілтін табыстадық. Осындай игі істерге қол созған халыққа алғыс білдіремін, - деді Ж.Бостандықұлы.
Кеш барысында қайырымдылық шараларына үлес қосқан меценаттар арнайы марапатталды.
Айта кетейік, есеп беру кешінде елдің жүрегінен орын алған белгілі өнер иелері сахнаға шықты. Қазақстанның халық әртісі Майра Ілиясова, елдің ерке әншісі Әсем Омар, сондай-ақ Арқалық қаласынан келген, қор тарапынан 62-ші баспанамен қамтылған екі қыз көрерменге әсерлі әнін жеткізді. Сондай-ақ айтыскер ақын Айшолпан арнау орындады. Театр әртістері де қайырымдылық жайлы қойылым қойып, ел жүрегін елжіретті.
Шара барысында жыл сайын қор ұйымдастыратын "Білімнің жұлдызы" жобасының жеңімпаздарына марапаттар табысталды.
Кештің әң әсерлі сәті төрт баланың анасы, оның ішінде екі мүмкіндігі шектеулі перзенті бар анаға 80-баспананың кілтін табыстау рәсімі болды. Жиын "Bala Time" балалар мен жасөспірімдер шығармашылық студиясының "Туған жер" хор ұжымының "Самға" әнімен шара қорытындыланды.
Бұл кеш — бес жыл бойы жасалған жақсылықтың, қайырым мен қамқорлықтың жарқын көрінісі болды.
"Dauletten" қайырымдылық қорының халық алдында ашық есеп беруі — сенім мен жауапкершіліктің үлгісі. Әлеуметтік әділеттілік пен адамгершілік құндылықтарды ту еткен қор алдағы уақытта да мейірім мен үмітке толы жолын жалғастырып, көмекке мұқтаж жандардың жанынан табылмақ.
Мерейтойлық кештің әр сәті – өткен жылдарға шолу ғана емес, болашаққа бағытталған сенімді қадамдардың бастауы болды.