Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Елімізде 2021 жылдан бастап отандық сүт өндірушілер сүт және сүт өнімдерін таңбалауға міндеттелмек. Осыған байланысты сүт тапшылығы сезіліп, оның бағасы қымбаттауы мүмкін, деп хабарлады КТК.
Елордадан 60 шақырымдай жерде орналасқан өндіріс орнынан шыққан сүт тек бас шаһардың тұрғындарынан ауыспайды. Келесі жылы енгізілетін жаңашылдық цехті сол тұтынушыларынан да айырғалы тұр. Отандық өндіруші сүтті таңбалауға аса қатты құлық танытып отырған жоқ. Себебі, пайдасынан шығыны көп. Бір жылда 55 миллиондай теңге галлограмманы қоюға кетпек.
"Импорт өнім Қазақстанға еркін кіргізіледі. Ал біздің өнімді сыртқа шығару өте қиын. Жаңа ойлап тапқан жобалары талай проблема туғызатынына сенімдімін. Ол пайда әкелмейді. Осы тұрғыда мемлекеттен қолдау болуы шарт. Олар ұсынған қызмет ақысы ертеңгі күні өсіп кетпеуі керек. Себебі, біздікілер қызба, басында басқаны айтып, кейін айтқанынан тайқып, қызметті қымбаттатып жібереді", - дейді ауыл шаруашылығы өнімін өндіруші Иван Сауэр.
Біздің нарықтағы сүт өнімдерінің 67 пайызы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден импортталады. Ал Қазақстанның экспорт үлесі тек 9,3 пайыз. Сыртқа шығарғанымыздан, ішке кіргізгеніміз басым. Егер таңбалау енгізілсе, елдегі ірілі-ұсақты өндірістер тұралауы әбден мүмкін. Сәйкесінше тауар құны да қымбаттайды. Әзірге 9 пайыз деген болжам бар.
Күн сайын мұнда 50 тонна сүт өндіріледі. Зауыттан шығарылатын бір қаптамадағы сүттің бағасы 230 теңге. Әрі қарай сауда орындары бұған өз пайызын қосады. Сарапшылар таңбалау басталса, бір қаптамадағы сүтке 1-ден 5 теңгеге дейін қосымша құн қосылады дейді. Ол әлі де нақты бағасы емес. Бұл тұтынушылардың қалтасын қағары сөзсіз.
Жаңашылдықты жаны қалағандар болса, контрафактіден құтылу үшін таңбалау керек дейді. Алайда сарапшылар бұл "тауар түрін жымысқы әрекетпен шекара асыру мүмкін емес" деген пікірде.
Зерттеулерге сүйенсек, контрабандалық жолмен сүтті тасу тек 0,1 пайызға жетер жетпес. Салаға жауапты шенеуніктер белгіні енгізудің тиімді тұсын айтып тауысар емес.
"Ресей Федерациясында сүтті таңбалау жүргізіліп жатыр. Ал Қазақстан 2021 жылға дейін бір шешімге келеді. Сүтті таңбалау арқылы оның тиімді тұстарын, өндірістік қуаттылықтың қаншаға артқанын, контрафактінің қалай азайғанын көреміз деп ойлаймын. Екі ел арасында таза, контрафактілік емес, азық-түлік қауіпсіздігі мен елдің қазыналық саясатының талаптарына сай келетін, өнім өткізіледі", - дейді ауыл шаруашылығы министрлігінің департамент директоры Бернат Алпысбеков.
Қазақстанда таңбалаумен, оның ішінде қондырғы әкелу, басқа да жұмыстар ұлттық оператор ретінде танылған "Қазақтелекомға" жүктелген.
Пилоттық жоба ретінде солтүстік қазақстандық және қостанайлық сүт фермасы алыныпты. Нәтиже қандай болары уақыт еншісінде.