| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Президенттің Жолдауында жүктелген міндеттер аясында Үкімет пен Денсаулық сақтау министрлігі медициналық қызмет сапасын жақсарту, инфрақұрылымды жаңарту, кадр даярлау мен денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру бағытында жұмыстарды жалғастыруда, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Министрліктің хабарлауынша, дәрі-дәрмек бағасын реттеу тетігі қайта қаралып, баға қалыптастыру процесінің ашықтығы күшейтілді. Артық шығындар қысқартылып, балама препараттардың бағасы түпнұсқа дәрілерге қарағанда 30%-ға дейін төмендетілді. Тек ең көп шығын жұмсалатын ТОП-20 позиция бойынша үнем шамамен 12 млрд теңге болмақ.
ТМККК мен МӘМС жүйелері аясында шекті бағалар орта есеппен 19%-ға, ал көтерме және бөлшек сауда деңгейінде шамамен 30%-ға азайды.
Сонымен қатар дәрілік заттарды тіркеу мерзімі де қысқартылды — енді ол 100 жұмыс күнінен аспайды. Ал АҚШ, Еуропалық одақ, Ұлыбритания және Жапония сияқты реттеушілік беделі жоғары елдер үшін бұл процесс «бір терезе» қағидаты бойынша бар болғаны 15 күн ішінде жүзеге асырылады.
Фармацевтика саласы қарқынды дамып келеді. 2029 жылға қарай отандық дәрі-дәрмек үлесін 50%-ға жеткізу жоспарланған. Қазір елде 210 өндіруші тіркелген, олардың 43-і дәрілік препараттар шығарады. 2024 жылы өндіріс көлемі 21,8%-ға, инвестиция көлемі екі есеге, ал экспорт 32,9%-ға өскен.
Отандық кәсіпорындармен 90 ұзақмерзімді келісімшарт жасалып, сондай-ақ Pfizer, Hoffmann-La Roche және AstraZeneca компанияларымен ынтымақтастық орнатылды. Құны 400 млрд теңгеге жуық тоғыз ірі инвестициялық жоба қарастырылуда. Сарапшылардың бағалауынша, елдегі фармацевтика нарығының жылдық өсімі 10–13% деңгейінде.