Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Түркияның жетекші жоғары оқу орындарының бірі – Гази университетінің филиалы еліміздің оңтүстігінде ресми түрде ашылады. Жаңа білім ордасы Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің (ОҚПУ) базасында жұмыс істейді, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Бұл шешім Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркия Республикасына жасаған ресми сапары аясында қабылданған. Түркияның "Жоғары білім туралы" заңының 39-бабына сәйкес, Гази университетінің Қазақстандағы филиалын ашуға ресми түрде рұқсат берілді.
Мемлекет басшысы өз сөзінде білім саласындағы екіжақты ынтымақтастықты жоғары бағалап, Түркия тарабына ризашылығын білдірді:
- Қазіргі таңда біздің 12 мыңнан астам студентіміз Түркияда, ал 300 түрік студенті Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алып жатыр. Осыған қолдау көрсеткені үшін Түркия Президенті мен Үкіметіне ризашылығымды білдіремін. Ұзақ жылдан бері Түркістан төрінде Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті табысты жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің жанынан Түркияның озық білім ошақтарының бірі – Гази университетінің филиалы ашылмақ, – деді Мемлекет басшысы Түркия сапарында.
Жаңа филиалдың ашылуы Қазақстан мен Түркия арасындағы білім және ғылым саласындағы стратегиялық әріптестікті жаңа деңгейге көтеріп отыр. Бұл халықаралық білім кеңістігінде маңызды серпіліс болмақ.
Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ – 1937 жылы құрылған, еліміздің оңтүстігіндегі педагогикалық кадрларды даярлауда жетекші орын алатын оқу орны.
Гази университеті – 1926 жылы негізі қаланған, Түркиядағы беделді университеттердің бірі. Ол білім беру, ғылым, медицина және басқа салаларда жоғары білікті мамандар даярлайды.