Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Файзулла Төлтай – Жамбыл облысының тумасы. Түркия Республикасы Денизли қаласындағы Памуккале университетінің түлегі. "Қос есікті түстер" кітабының авторы. Өзбек ақыны Мұхаммед Салихтың "Вал-фажр" өлеңдер жинағын қазақ тіліне тәржімалаған аудармашы, ақын. Dauletten.kz сайты түркология саласында барын салып еңбек етіп жүрген қазақ жанашырымен болған сұқбатты ұсынады.
Файзулла, түркология бағытын таңдауыңызға не түрткі болды? Тағы қандай салаларды зерттегіңіз келеді?
- Мен мектеп бітіретін уақытта әдебиетші болғым келді. Сөйтіп бакалаврда филология факультетіне түстім. Оқуымды аяқтағаннан кейін қазақ тілі және әдебиетімен ғана шектеліп қалмай, жалпы түркі халықтарының тілі мен әдебиетін оқығым келді. Магистратурадан бастап түркология, яғни қазіргі түркі тілдері мен әдебиеттері деп аталатын мамандықта оқыдым. Бұл бағытқа келуіме бірден бір себепші дүние – әдебиетке деген махаббатым. Ал тағы қандай салаларды зерттегенді ұнатады десеңіз, бірінші – геосаясат. Мемлекеттердің геосаясатын зерттегенді ұнатамын. Екінші – әдебиеті. Жалпы әдеби мәтіндер мен саяси контексттерді пәнаралық деңгейде зерттегенді ұнатамын. Одан бөлек көне тілдерді зерттеу қызық. Бірақ ол салада маман емеспін. Хобби ретінде оқығанды, зерттегенді ұнатамын. Түркі халықтарының әдеби мәтіндерін тек қана әдеби контексттерде, әдеби теорияда емес, философиялық, психологиялық, социологиялық деңгейде зерттегенді ұнатамын.
Қазіргі түркология ғылымының Қазақстандағы даму деңгейін қалай бағалайсыз?
- Өте жақсы бағалаймын. Күшті, позитивті көзқарастамын. Әрине, бүгінге дейін, тәуелсіздік алғаннан кейін 30 жылдың ішінде, соңғы 5 жылдықта деп айтсақ болады. Жалпы Қазақстан осы ғылым саласына белгілі бір деңгейде Орта Азиядағы кейбір мемлекеттермен салыстырмалы түрде айтқанда өте үлкен қаражат, инвестиция құйып жатыр. Бұрын біз түркологияның эпицентрі ретінде Түркияны атайтын болсақ, қазір Қазақстанның да белгілі бір деңгейде потенциалы бар. Ал енді дәл осы бағытта, осы қарқынмен, динамикамен жылжи беретін болсақ, алдағы 10 жылдықта, әлде 5 жылдықта Қазақстан түркология ғылымының астанасы ретінде бағаланды деген ойдамын. Яғни, бұл саланың болашағы бар.
Түркі халықтарының ортақ мәдени кодын қандай ерекшеліктер арқылы сипаттауға болады?
- Жалпы кез келген халықтың халық ретінде сипаты олардың ортақ миф және аңызы. Ортақ тарихы, жері, мәдениеті және ортақ тілі болуы керек деп айтамыз. Дәл осы бес пункт жалпы бүкіл түркі халықтарының барлығына тиесілі. Себебі, Балқаннан бастап мына беттегі Алтайға дейінгі көптің бәрі бір ғана тілде сөйлейді. Әрине, белгілі бір деңгейде диалект, тілдік өзгешеліктер болғанына қарамастан, бәріміз бір ғана тілде сөйлейміз. Мысалы, қол дейтін сөз. Сонау Алтайдан бастау алған 300 млн түркі халықтарының бәрі қол деп айтады. Аяқ десек, барлығы аяқ дейді. Бас десеңі, бәрі бас дейді. Фундаменталды негізде барлығы бір тілде сөйлейді. Бұл біздің ортақ мәдени кодымыз. Сол сияқты ұлттық ойындарымыз, ұлттық сусын, тағамдарымыздың барлығы бізге тиесілі, өзіміздің ұлттық мәдени кодымыз болып есептелінеді.
Сіздің пікіріңізше, жастар арасында түркі рухын әрі қарай ояту үшін қандай қадамдар жасау керек?
- Ең бірінші кезекте неолибералды қоғам, капиталды қоғамда түркі халықтарына тиесілі мәдени идеология, пікір, көзқарастардың барлығын жаңа замандағы диджиталдандыру. Яғни, интнернетті цифрландыру және осы арқылы жас балаларға сіңіру. Мысалы қарапайым қазақтың өзі ұлттық киімдерді белгілі бір мейрамдарда ғана киеміз, ал күнделікті өмірде ондай киім кимейді. Бір себебі, ол киім ыңғайсыз, күнделікті өмірге жарай бермейді. Бірақ қазіргі таңда жаңа қазақша киімдеріміз шығып жатыр. Мынадай түсінік қалыптасып қалған. Қазақтың ұлттық құндылықтары қазақ үшін басы артынан ерген жүк сияқты көрінеді. Яғни, сенің қазақтығың сен үшін жүк. Дәл сол сияқты күллі түркі халықтарының бірлігін, идеологиясын, құндылықтарын да жүк ретінде қабылдамау керек. Ол өмір сүру салтымыз. Осыны түсінуіміз керек.
Сіздің ғылыми зерттеулеріңізде, жазған мақалаларыңызда өзіңізді таң қалдырған дерек немесе жаңалық бар ма?
- Мені таңғалдырған дерек, жаңалық бар. Мысалы, өткен жылы әдебиет ұйымы ісімен қосылып, ұжымдық Орта Азияның әдебиетін жазып шықтық. Орта Азия прозасында отарлықтан кейінгі психоаналитиканы зерттедім. Маған өте қызық болғаны 90 жылдардағы біздік әдебиет. Ондағы персонаждардың барлығы көбіне негативті және меланхолияға толы. Екі затқа бой бұрған. Оның бірі алкологоль, болмаса суицид. Сол кезеңдегі адамдардың психоаналитикасын зерттеген уақытта ұлттық құндылық, ұлттық көзқарас неге қалыптаспағанына, қоғамның онсыз өмір сүре алмайтындығына таң қалдым. Жанағы суицидке тоқталсам. Кеңес үкіметінен шығып кеткеннен кейін индивидуалды ұлттық құндылық көзқарас қалыптаспаған соң бір хаосқа, бос кеңістікке түсіп кетуі. Сол үшін алкоголь немесе суицидке бас ұратындығы. Осының психологиялық деңгейдегі көрінісі маған жаңалық болды.
Бүгінге дейін есте ерекше қалған сапарыңыз қандай, қай ел/қала?
- Есте қалған сапарым – Кипр мемлекеті. Солтүстік Кипр Республикасы деп аталады. Ол жерде симпозиумға барған болатынмын. Әлі есімде, тақырыбы қазақ психоаналитикасы туралы еді. Сол сапар өмір бойы есімде қалады деп ойлаймын. Себебі, ол жердегі адамдар, оларды көру, танысу, табиғат, кеме, теңіз. Осыдан 3 000 жыл бұрын батып кеткен кеменің суға шығуы. Сондай сұлу сапар болды.
Қай елдерге барғыңыз келеді?
- Кипрдан кейін басқа мемлекетке барғым келмейді дегенге сенесіз бе? Әзірше, ойланбаппын. Кипр маған жетіп тұр.
Түркология саласына қызығатын жастарға қандай кеңес бересіз
- Жалпы елімізде түркологияны күшейту үшін бірінші кезекте тіл үйрену керек. Менің ойымша, өзіңді түрколог деп есептеу үшін жоқ дегенде түркі халқының 5-6 тілінде еркін сөйлеу керек. Сонда ғана ол нақты түрколог. Екінші, өз саласына байланысты, егер көне тілдерді оқитын болса, көне тілде еркін жазып, оқи алу керек. Осыны дағдылар қалыптасса, жақсы мамандар даярлап шығуға болады деп ойлаймын.
Қандай шет тілдерін меңгергенсіз? Тіл үйрену қиын ба?
- Шет тілін үйренуде қиындық жоқ, білім, ғылым, адам болмысының қалыптасуына екі-ақ фактор әсер етеді. Дисциплина мен практика. Осы екеуі болған жерде кез келген тілді үйренуге болады. Ал қандай тіл меңгергеніме келетін болсақ, әзірбайжан, өзбек, қазақ, қырғыз, ноғай, татар, ұйғыр, қарақалпақ тілдерін білемін. Орыс тілі, одан бөлек парсы және ағылшын тілін меңгергенмін.
Түркі мұрасын зерттеу сіз үшін тек ғылым ба, әлде рухани миссия ма?
- Түркі мәдениетін қалыптастыру жолында менің ең бірінші жасайтын ісім – өнерді зерттеу емес, өнер тудыру, мәдениетті зерттеу емес, мәдениетті жаңғырту, неомәдениет жасау.
Қазақстан мен Түркия халықтарының кітапқа, әдебиетке деген қызығушылығын салыстырсақ?
- Түркия халқы кітапқа, әдебиетке бір бас жоғары, махаббаты бөлек. Олар қарапайым Шыңғыс Айтматовты оқиды. Оқымаймын дейтін адамның өзінде Айтматовтың кітабы тұрады. Кез келген түріктің үйінде 10-15 кітап болады. Және кітаптар бәріне қолжетімді. Қазақстан бұл деңгейде жұмыс істеуде, нәтиже береді деген ойдамын.
Шығармашылық бағыттағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз. Кітап басып шығару жоспарда бар ма?
- Жуырда кітап жазып шығару ойымда бар. Осы жылы немесе келесі жылы кітап басып шығару жоспарымда бар.
Өмірлік ұстанымыңыз қандай?
- Өмірлік ұстаным деген сөзге ойым бөлек. Өмірлік ұстаным – өз армандарың мен мақсаттарыңа жету, қиялдарыңа қиянат етпеу.
Сұқбатыңызға көп рақмет!