Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Жетісу облысында «Маман» ипотекалық бағдарламасына өтініш қабылдау басталды, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Жетісу өңірінде әлеуметтік маңызы бар салаларда еңбек етіп жүрген азаматтарға арналған «Маман» ипотекалық жобасы іске қосылды. Бұл бастама аймақтағы кадрларды қолдап, мамандардың тұрақтап қалуына ықпал етуді көздейді.
Ипотеканың шарттары:
• Қаржыландыру көлемі – 20 миллион теңгеге дейін;
• Алғашқы жарна – 10%-дан бастап;
• Жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 5% (ЖТСМ 5,2–5,7%).
Бағдарлама аясында жаңа пәтерден бөлек, қолданыстағы баспананы немесе жеке тұрғын үйді сатып алуға мүмкіндік беріледі.
Өтініш беру құқығы Жетісу облысында кемінде бір жыл қызмет етіп жүрген және соңғы үш жылда осы өңірде тіркеуде тұрған азаматтарға беріледі. Бағдарламаға төмендегі санаттағы мамандар қатыса алады:
• білім беру саласының қызметкерлері;
• дәрігерлер мен медқызметкерлер;
• журналистер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері;
• мәдениет қайраткерлері және шығармашылық одақ мүшелері;
• спортшылар мен жаттықтырушылар;
• энергетика саласының мамандары;
• «Азаматтарға арналған үкімет» қызметкерлері;
• туризм саласы және саяси партия филиалдарында еңбек ететіндер.
Өтінімдер аудандық және қалалық ТКШ бөлімдері арқылы қабылданады. Үміткерлердің тізімін арнайы тұрғын үй комиссиясы жасақтайды.
Бағалау кезінде бірнеше фактор ескеріледі: үміткердің жасы мен еңбек өтілі, отбасылық жағдайы, кәмелетке толмаған балаларының болуы, тұрғын үй кезегінде тұруы, үлескерлік мәртебесі, банктегі қаржылық тарихы және облыстағы тіркеу мерзімі. Артықшылық жас мамандарға, көпбалалы отбасыларға және әлеуметтік осал топтағы азаматтарға беріледі.
Қатысушылардың жасы 63 жастан аспауы тиіс. Сондай-ақ соңғы бес жыл ішінде отбасы мүшелерінің ешқайсысында тұрғын үй болмағаны шарт. Облыстағы тұрақты тіркеу үш жылдан асқан ерлі-зайыптылардың біреуіне ғана қатысуға рұқсат етіледі.
Қажетті құжаттар:
• әкімдіктің жолдамасы;
• жеке куәлік;
• неке қию және балалардың туу туралы куәліктері;
• табысты растайтын құжаттар;
• жылжымайтын мүліктің жоқтығы жөніндегі анықтама.
Ал кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтар қосымша соңғы 12 айдағы банктік шоттың үзінді көшірмесін ұсынуы тиіс.