Brent
WTI
kz
kz ru
Астана
Астана
Алматы
Ақтау
Ақтөбе
Атырау
Қарағанды
Көкшетау
Қостанай
Қызылорда
Павлодар
Семей
Петропавл
Талдықорған
Тараз
Шымкент
Орал
Өскемен
CNY
MNT
KGS
UZS
TRY
Сіздің өтінішіңіз сәтті жіберілді, Рақмет!
Жаңалықтар
Гендерлік саясат – қоғам дамуының маңызды тетігі
Жаңалықтар

Гендерлік саясат – қоғам дамуының маңызды тетігі

26.01.2026
мин
0
152

Астана қаласында Мұхтар Әуезов атындағы қалалық кітапханада “Гендерлік саясат, қоғамның теңдігі” тақырыбында мазмұнды әрі тағылымы мол ақпараттық сағат өтті. Іс-шараның басты мақсаты – жас ұрпақтың гендерлік теңдік, әйелдердің қоғамдағы рөлі, құқық қорғау органдарындағы әйел мамандардың қызметі туралы түсінігін кеңейту, азаматтық сана мен әлеуметтік жауапкершілікті қалыптастыру болды, – деп хабарлайды Dauletten.kz.

Ақпараттық сағатқа елорданың №50-мектебінің 10-сынып оқушылары қатысып, қоғам үшін маңызды тақырып аясында өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды. Кітапхана қабырғасында өткен бұл кездесу жасөспірімдер үшін тек дәріс қана емес, ой қозғайтын, пікір алмасуға мүмкіндік беретін ашық диалог алаңына айналды.

Іс-шараның спикері – Қазақстан Республикасы ішкі істер министрлігінің ақпараттық саясат департаменті сыртқы байланыстар басқармасының арнайы тапсырмалар бойынша аға инспекторы, полиция майоры Айнұр Сағындықова болды. Көпжылдық қызметтік тәжірибесі бар спикер өз сөзінде ішкі істер органдарындағы әйелдердің қызметі, олардың кәсіби жауапкершілігі мен қоғамдағы орны туралы жан-жақты әңгімелеп берді.

Айнұр Сағындықова гендерлік саясат ұғымының мәніне тоқталып, оның тек әйелдер құқығын қорғаумен шектелмейтінін, ең алдымен қоғамдағы ерлер мен әйелдердің тең мүмкіндіктерін қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік саясат екенін атап өтті. Оның айтуынша, гендерлік теңдік – заманауи, демократиялық қоғамның негізгі көрсеткіштерінің бірі.

Спикер ішкі істер органдарында қызмет ететін әйелдердің бүгінде тек кеңсе жұмыстарына ғана емес, жедел қызмет, тергеу, криминалистика, ақпараттық саясат және басқарушылық лауазымдарда да табысты еңбек етіп жүргенін нақты мысалдар арқылы түсіндірді. Әйел полицейлердің кәсіби біліктілігі, төзімділігі мен жауапкершілігі қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратыны атап өтілді.

Дәріс барысында әйел адамның қоғамдағы орны, отбасы мен қызметті қатар алып жүру мәселесі де қозғалды. 

— Қазақстандық әйел – тек отбасының ұйытқысы ғана емес, сонымен қатар кәсіби салада өзін дәлелдей алатын, ел дамуына үлес қосатын белсенді тұлға, — деді Айнұр ханым.

Мемлекет тарапынан әйелдерге арналған әлеуметтік қолдау тетіктері, мансаптық өсу мүмкіндіктері туралы да мағлұмат берілді.

Қазақстанда гендерлік теңдік қағидаты Конституцияда бекітілген, ал оны іске асыру үшін бірқатар заңдар мен бағдарламалар қабылданған.

Атап айтқанда, 2024 жылы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңнама едәуір күшейтілді. Енді тұрмыстық зорлық-зомбылық қылмыстық құқық бұзушылық ретінде қарастырылады, агрессорға қатысты қорғау нұсқамаларының мерзімі ұзартылды, қайталанған зорлық фактілері үшін қылмыстық жауапкершілік қатаңдатылды, жәбірленушіні агрессормен татуластыру тәжірибесі заң жүзінде шектелді.

Бұл өзгерістер әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін арттыруға, зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған.

Айнұр Сағындықова ішкі істер органдарында әйелдердің үлесі жыл сайын артып келе жатқанын атап өтті. Бүгінде әйелдер тергеуші, жедел уәкіл, криминалист, аналитик, ақпараттық саясат және басқару салаларында қызмет атқарып келеді.

Спикер нақты мысал ретінде 2024 жылы Дубай қаласында өткен халықаралық SWAT Challenge жарысын атап өтті. Бұл беделді халықаралық сайысқа Қазақстаннан “Томирис” әйелдер арнайы жасағы қатысып, жоғары нәтижелер көрсетіп, әлемнің үздік тактикалық бөлімшелерімен тең дәрежеде бәсекеге түсті. Бұл – қазақстандық әйел полицейлердің кәсіби даярлығы мен физикалық, психологиялық төзімділігінің айқын дәлелі.

Аталған жетістік гендерлік саясаттың қағаз жүзінде емес, нақты нәтижелер арқылы іске асып жатқанын көрсетеді.

Дәріс барысында әйелдің қоғамдағы орны тек әлеуметтік рөлмен шектелмейтіні айтылды. Қазіргі таңда әйел өз құқығын қорғай алатын, кәсіби мансап құра алатын, мемлекеттік қызметте жауапты шешімдер қабылдайтын тұлға.

Қазақстанда әйелдердің мемлекеттік басқару саласындағы үлесі жыл сайын артып келеді. Бұл — тең мүмкіндік саясатының нәтижесі.

Сонымен қатар спикер гендерлік теңдік ерлердің құқығын шектеу емес, қоғамдағы әділетті теңгерімді қалыптастыру екенін ерекше атап өтті.

Ақпараттық сағаттың маңызды бөлігінің бірі – оқушылармен еркін форматта өткен сұрақ-жауап сессиясы болды. Оқушылар спикерге полиция қызметіндегі қиындықтар, мамандықты таңдау, әйел адамның құқық қорғау саласында жұмыс істеу ерекшеліктері, гендерлік теңсіздік жағдайында не істеу керектігі жөнінде сауалдар қойды. Барлық сұраққа полиция майоря нақты, өмірлік тәжірибеге негізделген жауап беріп, жасөспірімдерді белсенді азаматтық ұстанымға шақырды. Сол сұрақтардың бірі “Полиция саласында әйелдерге қиын емес пе?” болды. 

— Қиындығы бар, бірақ бұл тек әйелдерге ғана тән емес. Полиция қызметі — жауапкершілігі жоғары мамандық. Бүгінде әйел қызметкерлер арнайы дайындықтан өтеді, физикалық және кәсіби талаптарға толық сай келеді, — деді полиция майоры.

Спикеріміз тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған адам қайда жүгінуі керек екендігін тілге тиек етті.

— Біріншіден, 102 нөміріне хабарласу қажет. Сонымен қатар, полиция бөлімшелерінде әйелдерді қорғау инспекторлары бар. Қорғау нұсқамасы беріледі, ал қажет жағдайда дағдарыс орталықтарына жолдама ұсынылады, — деді спикер.

Гендерлік теңдік жастарға не үшін маңызды?

— Себебі теңдік бар жерде әділеттілік болады. Өз құқығын білетін, өзгеге құрметпен қарайтын жастар — мықты қоғамның негізі, — деді Айнұр Сағындықова.

Оқушылардың қызығушылығы әсіресе құқық қорғау органдарындағы қызметке байланысты болды. Спикер жастарға кез келген мамандықты таңдауда жынысына емес, қабілеті мен ниетіне сүйену керектігін айтып, өз болашағына жауапкершілікпен қарауға үндеді. Сонымен қатар, заңды білу, өз құқығын қорғай алу – әрбір азамат үшін маңызды екені ерекше атап өтілді.

Іс-шара соңында кітапхана қызметкерлері мұндай ақпараттық кездесулердің өскелең ұрпақ үшін маңызы зор екенін айтып, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, әлеуметтік мәселелерге бейжай қарамау мәдениетін қалыптастыруда осындай ашық диалогтардың рөлі ерекше екенін жеткізді.

Мұхтар Әуезов атындағы қалалық кітапханада өткен «Гендерлік саясат, қоғамның теңдігі» атты ақпараттық сағат оқушыларға терең ой салып, қоғамдағы теңдік, әділеттілік, өзара құрмет ұғымдарының мәнін түсінуге ықпал етті. Мұндай тағылымды кездесулер жас буынның саналы, білімді әрі жауапты азамат болып қалыптасуына жол ашады.

Біздің телеграмға қош келдіңіз!
308
0 Пікір
                                                                    
Қазір желіде отырғандар
Человек
Көп оқылған мақалалар
  • тәулік
  • апта
  • ай
  • жыл