Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Индонезияда есірткіге қарсы екі ай бойы жүргізілген арнайы операцияның нәтижелері жарияланды. Билік таратқан мәлімет бойынша, 683 885 грамм (яғни 0,68 тоннаға жуық) есірткі тәркіленіп, 285 адам ұсталған. Олардың қатарында 29 әйел мен жеті шетелдік азамат бар, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Есірткіге қарсы күрес ұлттық агенттігінің басшысы Мартинус Хукомның мәлімдеуінше, ауқымды операция биылғы сәуір мен маусым аралығында елдің 20 провинциясында жүргізілген. Тергеу нәтижесінде екі ірі есірткі синдикатының қаржыны заңсыз айналымға шығару схемалары анықталып, жалпы құны 26 миллиард рупийден (шамамен 156 миллиард 780 миллион теңге) асатын активтер тәркіленген.
Агенттіктің тағы бір өкілі Буди Вибово тәркіленген заттардың қатарында метамфетамин, марихуана, экстази, THC, гашиш пен амфетамин бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, ұсталған шетелдіктер арасында бір америкалық, екі қазақстандық, екі малайзиялық, бір үндістандық және бір австралиялық азамат болған.
БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы Индонезияны халықаралық есірткі саудасы үшін маңызды транзиттік нүктелердің бірі деп есептейді. Себебі есірткі синдикаттары елдің жас тұрғындарын жиі пайдаланады. Тергеу барысында айыптары дәлелденсе, ұсталғандардың барлығы өлім жазасына кесіліп, ең қатал жазаға тартылуы мүмкін.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі бұл оқиғаға қатысты ресми мәлімдеме жасап, қазіргі уақытта қазақстандық азаматтарға қатысты Индонезияның тиісті органдары тарапынан сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын хабарлады.
- Аталған жайт бойынша басқа ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді. Қазақстанның Джакартадағы Елшілігі жергілікті тергеу органдарымен және ұсталған азаматтардың туыстарымен тұрақты байланыста жұмыс атқаруда. Бұл мәселе қазақстандық дипломаттардың ерекше бақылауында, – деп көрсетілген СІМ хабарламасында.