Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Камчатка түбегінің жағалауынан 161 шақырым жерде 8,5 магнитудалық жер сілкінісі тіркелді. Бұл – соңғы онжылдықтағы ең күшті дүмпу. Бірқатар елдерде цунами қаупіне байланысты ескерту жарияланды, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
РБК хабарлауынша, Ресей ғылым академиясының геофизикалық қызметінің аймақтық филиалы Камчаткада күшті жер сілкінісін тіркеген. Бастапқыда сілкініс 7,5 балл деп бағаланса, кейін бұл көрсеткіш 8,5-ке түзетілді. Жер сілкінісінің ошағы 32 шақырым тереңдікте орналасқан.
Еуропа-Жерорта теңізі сейсмологиялық орталығы (EMSC) сілкініс магнитудасын 8,7 деп бағалап, кейінгі дүмпулердің қуаты 7,0 немесе одан төмен екенін мәлімдеді.
Камчатка өлкесінің Төтенше жағдайлар департаменті жағалауға биіктігі 32 см-ге дейін жететін цунамидің соғу ықтималдығы барын хабарлады. Толқын Алеут және Усть-Камчатский муниципалды округтеріне жетуі мүмкін. Петропавл-Камчатскийге дейін биіктігі 6 см-ден аспайтын цунами келуі ықтимал.
Төтенше жағдайлар министрлігі тұрғындарды жағалауға шығып, толқындарды бақыламауға шақырды. Сондай-ақ, рейдте, шығанақта немесе айлақта тұрған кемелерге ашық мұхитқа шығуға кеңес берілді.
Камчатка губернаторы Владимир Солодов Telegram арнасында бұл жер сілкінісін соңғы онжылдықтағы ең жойқыны деп атады.
- Мамандар әлеуметтік нысандарды тексеруді бастап кетті. Ең алдымен мектептер, ауруханалар мен балабақшалар назарда, – деді ол.
Губернатор Петропавл-Камчатскийдегі бір балабақша ғимаратының қабырғасы опырылғанын айтты. Ғимаратта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан, ішінде балалар болмаған.
- Бүгін мемлекеттік мекемелердің жұмыс күнін сағат 13:00-ге дейін қысқарту туралы шешім қабылдадым. Қалалық билік пен өзге де ұйымдарға осындай шара қабылдауды ұсынамыз, – деп жазды Солодов.
Сахалин облысының губернаторы Валерий Лимаренко Северо-Курильскіде 7,9 балдық жер сілкінісі болғанын хабарлады.
- Цунами қаупіне байланысты тұрғындар биік аумақтарға көшіріліп жатыр. Төтенше қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр, жағдай бақылауда, – деді ол.
Жапонияның Хоккайдодан Вакаямаға дейінгі Тынық мұхит жағалауында 3 метрлік цунами қаупі жөнінде ескерту жарияланды. Сондай-ақ Гавайи мен Алясканың кейбір өңірлеріне де ескерту жасалған.