Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сексен жасқа толды.
Мерейтой елімізде жарияланған карантинмен тұспа-тұс келіп отыр. Мемлекетте концерттер мен сауық-сайранға тыйым салынып, шаралар онлайн форматқа ауыстырылды.
Әлемді жайлаған пандемия тұңғыш президентті де айналып өтпеді. Коронавирус жұқтырған Назарбаев 14 күн бойы өзін оқшаулап, ем қабылдады. 3 шілде күні баспасөз қызметі жағымды жаңалықпен бөлісті. Коронавирусқа соңғы тапсырған тесті теріс нәтиже көрсеткен.
"Халқыммен бірге сырқаттың ауыртпашылығын сезіндім, қазір бұл індетті жұқтырғандардың бәріне төзім мен қажыр-қайрат және тезірек сауығып кетулерін тілеймін", - деді ол үндеуінде халыққа ризашылығын білдіріп.
Сондай-ақ, 80 жылдық мерейтой қарсаңында елордадағы Ұлттық қорғаныс университетінде Нұрсұлтан Назарбаевқа монумент ашылды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл шараға онлайн қатысты. Ол Қазақстанның Қарулы күштері тұңғыш президенттің жарлығымен құрылғандықтан, ескерткіштің Ұлттық қорғаныс университетінде орнатылуының символдық мәні зор екенін атап өтті.
Монументтің биіктігі - 6,6 метр. Мүсін қоладан жасалып, Назарбаевқа еліміздің қарулы күштерінің дамуына қосқан үлесі үшін мүсінші арнайы әскери киім кигізген. Бұл туындыны жасауға Ербол Зиябеков 5 жыл уақыт кеткенін айтады.
Мерейтойға орай құттықтау хаттары көптеп келуде.
Владимир Путин Нұрсұлтан Назарбаевқа арнайы видеоқұттықтау жолдады. Ресей президенті құттықтауда көпжылдық достықты қадірлейтінін және мақтан тұтатынын жеткізді.
Елбасыны туған күнімен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев, Армения президенті Армен Саркисян, Түркияның бұрынғы басшысы Абдулла Гүл, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Грузия президенті Саломе Зурабишвили, Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ, Сингапур премьер-министрі Ли Сиань Лун, Молдова президенті Игорь Додон, Ауғанстан президенті Ашраф Ғани, Израиль мемлекетінің премьер-министрі Биньямин Нетаньяху, Испания королі Фелипе, Монако князі II Альбер және тағы басқалары құттықтады.