| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Конституция мәтіні 84 пайызға жаңарады, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Конституциялық реформа жөніндегі комиссия Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілетін түзетулер жобасын таныстырды. Құжатты Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов ұсынды.
Оның айтуынша, Конституцияның жаңа редакциясы бойынша біртұтас түсінік қалыптастыру үшін барлық ұсынылған өзгерістер мен толықтырулар жүйеленіп, өзара келісіліп, қорытынды құжаттың мәтініне енгізілген.
Бақыт Нұрмұханов қолданыстағы Конституция кіріспеден, 9 бөлімнен және 101 баптан тұратынын атап өтті. Ал ұсынылып отырған жоба кіріспе, 11 бөлім және 104 бапты қамтиды.
Жоба аясында екі жаңа бөлім енгізіледі. Олар — «Халық кеңесі» және «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу».
Сонымен қатар, Конституцияның төрт бөлімінің атауы өзгертіледі. Атап айтқанда, «Жалпы ережелер» бөлімі «Конституциялық құрылыстың негіздері» деп аталады. «Адам және азамат» бөлімі «Негізгі құқықтар, бостандықтар және міндеттер» болып өзгереді. «Парламент» бөлімі «Құрылтай» атауын алады. Ал «Соттар және сот төрелігі. Прокуратура. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл» бөлімі «Сот төрелігі, прокуратура және құқықтарды қорғау тетіктері» деп аталады.
Конституциялық сот төрағасының орынбасарының айтуынша, Конституцияның 77 бабына түзетулер әзірленген, бұл Ата заң мәтінінің 84 пайызына тең.
Оның сөзінше, ұсынылып отырған өзгерістер тұжырымдамалық тәсілдерді жаңартуға, құқықтық нақтылықты арттыруға және Конституцияның сапасын жақсартуға бағытталған маңызды әрі жан-жақты ойластырылған қадам болып табылады.
Айта кетейік, бүгін Қазақстанда Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның төртінші отырысы өтті. Комиссия осы апта ішінде өз жұмысын аяқтауы мүмкін.