| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Парламент жұмысына қатысты жаңа конституциялық норма ұсынылды, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Конституциялық реформаларды талқылау жөніндегі комиссия отырысында мемлекет басшысының кадрлық шешімдердегі рөлін арттыруға қатысты ұсыныстар айтылды. Әділет министрі Ерлан Сарсембаевтың мәлімдеуінше, өзгерістер қабылданған жағдайда президент бірқатар жоғары мемлекеттік лауазымдарға кандидаттарды депутаттардың келісімімен бекіте алады.
Бұл қатарға вице-президент, премьер-министр, Конституциялық соттың судьялары, сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палата мүшелері кіреді.
Сонымен бірге, егер парламент ұсынылған кандидатураларды екі рет қатарынан қолдамаса, мемлекет басшысына заң шығарушы органды тарату тетігін қолдану мүмкіндігі берілуі ықтимал. Ерлан Сарсембаев бұл механизмді былай түсіндірді:
- Егер депутаттар ұсынылған кандидатураларды екі рет бекітпесе, президент парламентті тарату құқығына ие болады. Бұл механизм саяси тараптарды келісімге келуге және шешім қабылдауда жауапкершілік танытуға ынталандырады», — деді ол.
Бұдан бөлек, ұсынылып отырған түзетулер президентке ұлттық қауіпсіздік, қаржылық тұрақтылық және құқық үстемдігімен тікелей байланысты бірқатар мемлекеттік органдардың басшыларын тағайындау өкілетін беруді көздейді. Аталған тізімге бас прокурор, жоғарғы сот органдары, Ұлттық банк, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Мемлекеттік күзет қызметі және Адам құқықтары жөніндегі уәкіл кіреді.
Ұсыныстар мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға және билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті қайта қалыптастыруға бағытталған.