Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Көпбалалы отбасын Қазақстандағы орманнан тапты: әкесін балаларымен бірге депортациялады, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Биыл көктемде Павлодар облысындағы орманда табылған шетелдік көпбалалы отбасын Ресейге депортациялады.
Жақында Павлодар соты 36 жастағы көпбалалы әкені, Ресей азаматын елден шығару туралы шешім шығарды. Сот кабинеті мәліметінше, ол көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін кінәлі деп танылып, үш тәулікке қамауға алынып, одан кейін Қазақстаннан шығарылған.
Сотта алты баланың әкесі өз кінәсін мойындап, бұған дейін де осындай құқықбұзушылық үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын, бірақ ауыр материалдық жағдайына байланысты сот тағайындаған айыппұлды төлей алмағанын айтқан.
- Сонымен қатар, ер адам балалардың құжаттарын реттеп жатқанын және жақын арада азаматтық некедегі жұбайы мен балалары бірге Ресей Федерациясына тұрақты тұруға кетуді жоспарлап отырғанын айтты, – делінген сот құжатында.
Сот шешімінде депортация мерзімі 2024 жылдың 22 қазанында аяқталатыны көрсетілген. Қазақстандағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиеваның айтуынша, ресейлік азамат балаларымен бірге отанына қайтарылған. Ал кәмелетке толмаған балалардың анасы Павлодарға қайтуға мәжбүр болған.
- 17 қазанда ата-аналар балаларымен бірге Павлодардан Барнаулға шықты. Бірақ құжат мәселелеріне байланысты ананы Ресей шекарасынан өткізбеді. Қазір ол Павлодарда, оның паспорты мен визасының мерзімі мәселесі бар. Бұл мәселені осында шешетін боламыз. Шешілгеннен кейін оны ұшақпен жібереді, – деп түсіндірді Динара Закиева.
Бұған дейін ананың барлық алты баласы орманда табылған өзінің туған балалары екенін дәлелдегенін хабарлаған едік. Әйел ана болуына ДНҚ-тест жасатты. Сонымен қатар, сарапшылар отбасын басқарып отырған ер адам балалардың биологиялық әкесі екенін анықтаған.
Биыл мамыр айында сот ер адамды көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 25 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) көлемінде айыппұл салып, оны 64 610 теңгеге дейін қысқартқан. Ресейлік азамат Қазақстаннан 2016 жылдың қыркүйегінде кетуі керек болған, бірақ ол Павлодарда шетелдік әйелімен заңсыз өмір сүріп, алты бала туған: екеуі жергілікті перзентханада, қалғандары үйде дүниеге келген. Ер адам әйелінің үйдегі босануына өзі көмек көрсеткен.
Естеріңізге сала кетейік, шетелдіктер биыл мамыр айында Павлодар облысының Кемеңгер ауылы маңындағы орманда ұйықтап жатқан жерінен табылған болатын. Оларды тапқан жергілікті тұрғындар балалардың жылағанын естіп, көмекке келген.
Табылғаннан кейін көпбалалы ананы балаларымен бірге бақылау және күтім үшін ауруханаға жатқызды. Шығарылғаннан кейін, отбасының әкесі оларға жалға үй алған.