Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Түркістан облысында 19 жастағы Жасұлан Әбдіманаптың өліміне қатысты тергеу жүргізілуде. Ол 20 ақпанда үйінен моншаға шығып кетіп, қайта оралмаған. Екі күннен кейін оның азапталған денесі елсіз жерден табылды. Марқұмның жақындары оны өз ауылдастары өлтірді деп отыр, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Жасұланның анасы Райхан Жамалова он күннен бері ұлының қазасына қайғыруда. Ол баласының әр қадамын үнемі ескертіп отыратынын, алайда сол түні онымен байланыс үзілгенін айтады. Жақындары жамандықты сезіп, полицияға хабар берген. Іздеу жұмыстарының нәтижесінде 19 жастағы жігіттің денесі адам аяғы баспайтын жерден табылған.
- Баламды алдап, кредит алғызған. Онысы әшкере бола бастағанда, жауыздықпен 14 жерінен пышақтап өлтіріп, айдалаға тастап кеткен. Ал өздері ештеңе болмағандай жүр, – дейді анасы.
Жасұлан екінші топ мүгедегі болған. Оның жақындары бұл қанды оқиғаға жігіттің аңғалдығы мен мейірімділігі себеп болды деп есептейді. Олардың айтуынша, ауылдастары Жасұланды анасының ауыр халде жатқанын айтып алдап, атына несие рәсімдеткен.
- Ұлым олардың сұрауын жерге тастамай, бірнеше рет кредит алған. Бірақ төлеу уақыты келгенде, ол бұл жайлы айтып, көмек сұраған. Алайда олар мәселені шешудің орнына, оны осындай қасіретті жағдайға жеткізді, – дейді анасы.
Марқұмның жақындары оның өліміне бір емес, бірнеше адамның қатысы бар екеніне сенімді. Қазіргі уақытта 19 жастағы жігіттің өліміне күдікті ретінде әскери қызметкер қамауға алынды.
- ІІМ Оңтүстік өңірлік Әскери-тергеу басқармасы Шымкент бөлімінің өндірісінде Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі бойынша адам өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті анықталып, ҚПК-нің 128-131 баптарына сәйкес ұсталды. Сот тергеуі нәтижесінде ол екі ай мерзімге қамауда ұстау туралы шешім шығарылды, – деп хабарлады Оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасы.
Марқұмның анасы Райхан Жамалова ұлын қатыгездікпен өлтіргендердің барлығы жауапқа тартылуын талап етеді.