Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Маңғыстау облысында Мәжілістің Экология мәселелері және табиғатты пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршиннің жетекшілігімен көшпелі отырыс өтті, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Мәжілістің баспасөз қызметі хабарлағандай, жиын Маңғыстау облысының экологиялық, энергетикалық проблемалары мен сумен жабдықтау мәселелері және оларды шешу жолдарына арналды. Тақырып бойынша облыс әкімінің бірінші орынбасары Ербол Ізбергенов, Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов, Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев, Төтенше жағдайлар вице-министрі Серік Төленбергенов, Су ресурстар және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов баяндама жасап, өңірде атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәлімет берді.
Отырыс аясында комитет депутаттары Маңғыстау облысында қордаланған мәселелерге қатысты орталық және жергілікті органдардың басшыларына сұрақтарын қойды. Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай өз сөзінде өңірдегі экологиялық және энергетикалық мәселелерді шешу бағытында жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды. Комитеттің көшпелі отырысын қорыта келе, Еділ Жаңбыршин өңірдегі энергетика, экология және ауыз су мәселелерін шешу үшін бірнеше бағытта жұмысты күшейту қажет екенін атап өтті. Соның ішінде алдымен Қазақстан Республикасының заңдарының, оның ішінде "Жылуэнергетика", "Экологиялық Кодекс" және басқа да тақырыпқа қатысты заңнамалардың талаптары дер кезінде орындалуы керектігіне баса назар аударды.
Комитеттің көшпелі отырысы аясында Мәжіліс депутаттары Маңғыстау облысындағы "Қошқар-Ата" қалдық қоймасының, бірқатар кәсіпорынның, сондай-ақ басқа да өндірістік нысандар мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың қызметімен танысты.