Brent
WTI
kz
kz ru
Астана
Астана
Алматы
Ақтау
Ақтөбе
Атырау
Қарағанды
Көкшетау
Қостанай
Қызылорда
Павлодар
Семей
Петропавл
Талдықорған
Тараз
Шымкент
Орал
Өскемен
CNY
MNT
KGS
UZS
TRY
Сіздің өтінішіңіз сәтті жіберілді, Рақмет!
Жаңалықтар
МИБ басшысы: Ең басты марапат — үй тұрғындарының шынайы ризашылығы
Маман пікірі

МИБ басшысы: Ең басты марапат — үй тұрғындарының шынайы ризашылығы

28.12.2024
мин
0
397

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында "Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды" деп еңбекқорлық пен кәсібилік қоғамның тұрақты дамуына негіз болатын басты құндылықтар екенін атап өтті. Яғни кәсібін сүйіп, ісіне адалдық таныту – еңбек адамының ең бірінші асыл қасиеті. Алға қарай ілгері жылжып, дамып жатқан мемкелетте ең бірінші кезекте еңбек адамы бағаланатыны сөзсіз. Қарапайым жұмыскерлер, аула сыпырушылары, еден жуушылар – Жаңа Қазақстанда барлығының еңбегі бірдей еленеді, ескеріледі. Бұл тұжырым еліміздің тұрғын үйлерін басқаруда маңызды рөл атқаратын Меншік иелерінің бірлестігі (ОСИ – әріқарай МИБ) қызметкерлерінің еңбегімен де тікелей байланысты.

МИБ (ОСИ) – тұрғын үйлердің күтімі мен жайлылығын қамтамасыз етіп, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыратын маңызды ұйым. Бұл қызмет үлкен жауапкершілік пен кәсібилікті талап етеді, өйткені әрбір үйдің тазалығы, қауіпсіздігі және тұрғындарға қолайлы орта құру – олардың тікелей міндеті. Осы міндеттерді кәсіби түрде орындап жүрген адал еңбекқорлардың бірі – Астана қаласы Сарайшық ауданына қарасты (бұрын Алматы ауданына қараған) МИБ төрайымы Кошмагамбетова Меруерт Нұржанқызы.

Меруерт Нұржанқызы – көпбалалы ана. Мамандығы – мұғалім. Бүгінде өмірін тұрғындардың қауіпсіз өмір сүруіне арнап келеді. Осындай қауырт жұмысқа үлгеріп жүрген 4 перзенттің анасымен Dauletten.kz сайтының тілшісі сұқбаттасып қайтты.

- Қайырлы күн, Меруерт ханым! Әңгімемізді ұйымның міндеттерінен бастасақ. МИБ қызметкері ретінде сіздің негізгі қызметіңіз қандай?

- Мен үйдің әр қаланған кірпіші мен шатырына дейін МИБ басшысы ретінде жауап беремін. Кез келген жағдайда ұйым басшысы ретінде тұрғындарға қолдау көрсету – маман ретінде басты парыздарымның бірі. Құжаттармен қатар, тұрғындармен тығыз әрі жақсы қарым қатынас орнату, үй жағдайын жақсарту да менің негізгі міндеттеріме кіреді.

- Үш жыл деген аз уақыт емес. Ұйым басшысы ретінде төртінші жылға қадам бастыңыз. Сізді тұрғындар тағы да сайлады. Сіз жұмыс істейтін үй несімен ерекше?

- Менің өз үйім, сондай-ақ жұмыс істейтін үйім қаламыздың ең көрікті, оң және сол жағалаудың ортасында орналасқан. Білесіз бе, адам баласы тиянақты, нәтижелі жұмыс істей алуы үшін ортасының әсері мол. Аллаға шүкір, біздің үйіміздің тұрғындары өте тату, бір-біріне қолдау көрсететін нағыз азаматтар. Үнемі тығыз байланыстамыз. Тұрғын емес үй-жай басшылары да өз міндеттерін үлкен жауапкершілікпен атқарады, үйлеріміздің жайлылығы мен қауіпсіздігіне барын салады. Үйіміз – жылы, әсем, әрі барлық заманауи талапқа сай келеді. Мұнда тұратын әрбір тұрғынның тыныш өмір сүруі үшін барлық жағдай жасалған деп мақтанышпен айта аламын.

- Көп адам білмей жатуы да мүмкін, ПИК, яғни КСК мен МИБ-тың айырмашылығы бар ма?

- ПИК (КСК) пен МИБ-тың айырмашылығы бар. МИБ басшысы тек сол үйде пәтері бар тұрғын ғана бола алады, ал КСК басшысы кез келген азамат бола алады. МИБ төреағасы ретінде кез келген тұрғынның шағымын уақытында және нәтижелі шешуге тырысамын. Маған бұл жұмысты атқаруда үй кеңесі мүшелері және сервис қызметкерлері көмектеседі. Келіп түскен шағымдар тек менің құзыретіме байланысты емес екенін еске салғаным да жөн. Көп сұрақтар жергілікті атқарушы органдардың жұмысымен тығыз байланысты. Сондықтан, барлық ұсыныс пен шағым жан-жақты шешімін тауып келе жатыр.

 - Тұрғындардан келіп түскен шағымдар мен ұсыныстарды қалай іске асырасыз? Шағымдар қаншалықты жиі келіп түседі? Тұрғын үйдің күрделі жөндеу жұмыстарын жоспарлағанда қандай факторларды ескеру қажет?

- Негізі тұрғын үйдің жүрегі - инженерлік желі. Оған үйге келіп тұрған электро энергия, жарық, үйдің ыстық және суық сулары және жылыту мәселелері қарайды. Ең алдымен біз, қай жерде мәселе туындағанын зерттейміз, содан кейін ғана сол қиындықты шешуге тырысамыз. Мысалы, суды халық 24/7 пайдаланады. Судың тұрғындарға уақытылы және қажетті мөлшерде келуі, су құбырындағы насостардың сапасын, қыс ауасында жылудың жеткілікті болуы, ол жылыту бөлмелерінде орналасқан жылу алмастырғыштарға байланысты екендігі, егер сол жерде істен шығуға жақын, тозған бір құбыр немесе басқа да зат болса, біз бірінші кезекте сол ақауды жөндеуге тырысамыз. Яғни солардың жай-күйі жазылатын жазба сервис компаниясымен толтырылады, және соған байланысты біз коммерциялық ұсыныс аламыз және сол ұсыныстар бойынша МИБ-қа сапасы жағынан, қаражат жағынан тиімді шешім қабылдаймыз. Бізде МИБ басшысынан бөлек, үй кеңесі мүшелері бар, олар тұрғындардың мүддесін қорғауда маңызды рөл атқарады.

Іскер кейіпкеріміздің сөзінше, үй кеңесінің мүшелері мен МИБ арасында тығыз байланыс орнаған, бұл олардың ортақ мақсаттарға жету үшін бірлесе жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Әр тараптың үйлесімді әрекеті нәтижесінде тұрғындардың сұраныстары уақытылы шешіліп, үйлердің жағдайы жақсарады. Бұл ынтымақтастық – үйлесімді әрі тиімді басқарудың жарқын үлгісі.

- Біз әрдайым үй кеңесі мүшелерімен бірлесе келісе отырып, туындаған мәселені дер кезінде шешеміз. Яғни қаражат нақты сол жерге жұмсалады. Мен басшы болып келген бірінші жылда, бізде басты мәселелердің бірі - ыстық су құбырлары болды. Себебі үйдің эксплуатацияға берілгеніне бүгінгі таңда 13 жыл болды. Құбырлар тозған. Алғашқы жылы толық ыстық су құбырларын ауыстырдық, екінші жылы МИБ қызметінде жүргенде толық суық су құбырларын ауыстырдық. Біздің  үйде 24 жылу қабат, алмастырғыш бар, оның біреуінің өзі өте үлкен қаражатты талап етеді. Сондай-ақ бірінші қабат, кіреберісті толық күрделі жөндеуден өткіздік. Әр тұрғыннан 0,5 АЕК ремонтқа бөлек төленеді, сол ақша бізде күрделі және ауқымды қаражатты қажет ететін жұмыстарға жұмсалады.

Осы орайда айта кеткен жөн болар, Меруерт МИБ басшысы болып тағайындалған жылы 3 жылу алмастырғыш, 3 ыстық суға арналған насос алынған. Сонымен қатар соңғы екі жылда суық су станциясына 2 Wilo насосқа қол жеткізілді.

- Тұрғындардан төлемдер қалай жиналады және ақшаның қайда жұмсалғаны ашық түрде көрсетіле ме?

- Тұрғындардан ай сайын төлем жиналады. Біріңғай есептік орталығы (ЕРЦ)  тұрғындарға түбіртек жібереді, сол бойынша адамдар банк арқылы төлейді. Егер тұрғындар төлемесе, біз үш ай күтеміз. Алғашқы ай төлемақы төленбеген болса, біз ол тұрғынмен міндетті түрде кері байланысқа шығамыз. Алдымен, ауызша ескерту жасаймыз. Егер бұл әдістен ешқандай өзгеріс болмаса, жазбаша түрде ескерту жібереміз. Егер ол ескертуге бір апта ішінде ешқандай кері байланыс болмаса, үйдің қызметіне қарыз пәтер иелерінің тізімі нотариусқа жіберіледі. Егер ол жағдайда да олқылық дұрысталмаса, сот орындаушысына кетеді. Бұл жағдайда олар пеньямен қоса төлем жасайды. Алайда біз әрқашан тұрғындардың жағдайын түсінуге тырысамыз. Мысалы, тұрғындар жұмыстан шығып қалуы мүмкін, денсаулығына байланысты жұмыс істемеуі мүмкін. Бұл жағдайда біз төлем жасағанын күтеміз.

Кейіпкердің пікірінше, есептің қаржы жағынан ашық болуы барлығына бірдей, сондықтан ай сайын есеп жасалынады және хабарландыру тақтасына ілінеді. Ал толық жөндеу жұмыстарына ақша жұмсайтын болса, міндетті түрде алдын ала жиналыс өткізіледі, ол жиналысқа 10 күн алдын хабарлама жіберіледі, сол жиналыста барлық МИБ-тың мәселелері қарастырылады.

- Көп  тұрғындар жиналысқа толық құрамда қатыспайды, жиналыстан кейін хаттама  толтырылады. Сол жерде көтерілген мәселер бойынша тұрғындар сауалнама толтырады, күнтізбелік сұрақтар бойынша да толтырады. Менің құзыретімде 167 пәтер 4 тұрғын емес үй-жай бар. Барлық пәтер иелерінен сауалнама алып шығамыз, бірқатары келіседі, келіспейтін тұрғындар да кездеседі. Бірақ шешім шығару үшін 51% тұрғынның келісімі жеткілікті. Қазіргі кезде сауалнама онлайн жүргізіледі, бірақ WhatsApp желісі арқылы жүргізілген сауалнама жарамсыз, заңды күші жоқ, біз аула деген қосымшасымен жұмыс жасаймыз. Ол жерде міндетті түрде ЭЦҚ кілт керек, көп түрғындарға ол да қиын, онлайн дауыс береді - 10-15 адам. Ол жалпы азаматтардың тек 5 пайызын құрайды. Қалғанынан түгел қағаз жүзінде дауыс жинап шығамыз, ол да өте ауыр жұмыстардың бірі. МИБ қаржысына байланысты қатысты ең бірінші есеп беру процедурасы - сметалық шығын. Бұл жерде ең маңызды қаржы сервистік қызметкерлерге, инженерлерге, және толық тазалыққа жауап беретін адамдарға бөлінеді. Сервис қызметкерлеріне сантехник, аула сыпырушы, еден жуушы, электрик және ағаш ұстасы кіреді. Және бізде автоматика, жылу алмастырғыштар насос құбырлары бар, олардың барлығын қарайтын арнайы мамандар бар. Олар да айлық алады. Негізгі МИБ-тың сметасын қарастыратын болсақ, 30 пайызы МИБ қызметкерлеріне, яғни, бухгалтер және МИБ басшысына  кеңсе тауарларын алуға, ал қалған 20% үйдің үнемдеуіне, ал 50% сервиске жұмасалады.

- Әкімдік тарапынан қандай да бір көмек, қолдау көрсетіле ме?

МИБ басшысы болып сайланған уақыттан бері әкімдік тарапынан көп қолдау болды деп айта аламын. Бұған дейін біз Алматы ауданына қарадық, кейін Сарайшық ауданы болып бөліндік. Аудан әкімі Мақсат Саматұлымен және басқа да әкімдік қызметкерлерімен тығыз байланыста жұмыс істеп келеміз. Біз меншік иелері бірлестігі ретінде тұрғындардың барлық қажеттілігі мен ұсыныстарын жинақтап, оларды әкімдікке жеткізуге күш саламыз. Әкімдік те өз кезегінде бізбен әрдайым кері байланыс орнатып, мәселелерді шешуге қолдау көрсетіп келеді. Осы орайда тілге тиек еткім келіп отыр. Біз тұрғындардың барлық қалауларын ескере отырып, әкімдіктің "Халық қатысатын бюджет" конкурсына қатысып 1-орынды жеңіп алдық. Ол үшін арнайы жобаны дайындап, оны жоғары деңгейде қорғадық. Осылайша әкімдік біздің балаларымызға ойын алаңын толық жасап берді. Біз үшін тұрғындардың қауіпсіз, жайлы өмір сүргені – басты мақсат. Адал еңбек етіп, халықтың ризашылыған бөлену – өлшеусіз мотивация. Сондықтан қандайда бір жөндеу жұмыстары болсын қажетті құрал-жабдықтардың ең сапалысын алуды басты назарда ұстаймыз. 

 - Тұрғындардың қауіпсіздігі қаншалықты сақталған?

- Біз қаладағы өрт қауіпсіздігін толық қамтамасыз еткен алғашқы үйлердің біріміз. 2022 жылы өрт қауіпсіздігіне байланысты тексеріс өтті. Тексерістің нәтижесі бойынша барлық жабдық істен шыққаны анықталды. Оның барлығын қалыпқа келтіру үшін біз тұрғындардан 10 295 100 теңге жинадық. Кез келген қызметті заң аясында жасаса, оны соңына дейін жеткізуге болады. Өрт дабылы, түтін шығару, желдеткіштерді дұрыстадық. Қазіргі таңда бізде 100% өрт қауіпсіздігі қамтамасыз етілген. Біздің үйлерімізде шылым шексе де, дабыл естіледі, тіпті түтіннің қай қабатта шыққанын да анықтай аламыз. Тұрғындардың қауіпсіздігі үшін бұл қадамдардың маңызы зор.

Осы салаға аяқ басқан сәттерге бір шолу жасасақ. Алғаш жұмысқа кіріскенде шешу керек мәселелер көп болды ма?

- Өте...Өте көп болды. Жасыратыны жоқ, әлі де түйіні тарқамаған, шешімін таппаған мәселелер, жөндеуді қажет ететін тұстарымыз бар. МИБ басшысы болып сайланған кезде, бізге лифтке қатысты ақау актісі келді. Негізі бұл акт КСК-ға төрт жыл бұрын келген еді. Лифтіде таяқшалар орнатылған. Олардың жарамдылық мерзімі бар. Лифт компаниясы КСК-ға сол таяқшаларды ауыстыру қажет екенін ескертіп хат жіберген екен. Алайда КСК ол хабарламаға мән бермепті. Мен МИБ басшысы болып сайланған соң, сол ақау актісін көріп, тез арада таяқшаларды ауыстыру керек деген шешімге келдім. Бұл жұмыстарды МИБ өз қаражатына жасау керек. 2,5 миллион теңгеге 4 лифтіні жасату керек еді, ал МИБ-та ондай қаражат жоқ. Содан кейін заңгердің кеңесімен біз лифт компаниясына хат жібердік. Хатымызда, сіздер қызмет көрсетуші компаниясыздар, әр пәтер иесі лифтіні пайдаланғаны үшін 1400 теңгеден ай сайын төлеп отыр дедік. Егер лифт компаниясы КСК-ға лифттың істен шығуға аз қалғанын нақты дәлелдеп, жөндеуді талап еткенде, КСК сол жұмыстарды жасауға міндеттелетін еді. Алайда лифт компаниясы талап қойып, байланыспағандықтан, осы деректерді негізге ала отырып, лифт компаниясына таяқшаларды тегін ауыстыруларын талап еттік. Байқадыңыз ба, кез келген қиын немесе күрделі жағдай туындаса, ең алдымен тұрғындардың мүддесін қорғап, екі тарапты да тыңдап, барлығына ыңғайлы етіп шешім қабылдап, тұрғындардың қолайлы өмір сүрулеріне барлық жағдайды жасауға болады. Тек осыны орындайтын ерік-жігер, еңбек, және өз ісіңе деген сүйіспеншілік керек. Біз үшін ең басты марапат – үй тұрғындарының шынайы алғысы мен ризашылығы.

Сонымен тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне көшсек. Бұл мақалада оқырман қауымға не айтқымыз келді? Жалпы, МИБ қызметінің бүгінгі таңда рөлі өте маңызды. Себебі ол тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, өмір сапасын жақсартуды және қоғамда тәртіп орнатуды көздейді. Осы тұрғыда Мемлекет басшысының "Заң мен Тәртіп" қағидасын іске асыруда МИБ қызметкерлерінің қосар үлесі өлшеусіз екеніне ешкім қарсы келе қоймас. Осы мақсатта азаматтар да белсенді түрде атсалысып, әрқайсысы өздерінің міндеттерін адал орындаса, қоғамда тыныштық пен тұрақтылық болады. Сонымен қатар мәдениет адамның өз-өзін тәрбиелеуден басталады. Әр азамат мәдениетті, жауапкершілікті бола отырып, жалпы қауіпсіз өмірді құруға үлес қосуы тиіс. МИБ қызметінің тиімділігі тұрғындар мен мамандар арасындағы тығыз ынтымақтастыққа, өзара түсіністікке негізделеді.

Көп шаңырақты біріктіріп, бір үйдің баласындай өмір сүруіне атсалысып жүрген Меруерттей адал еңбек адамының қатары көп болса, баспанасында жайлы өмір сүретін азаматтардың да саны артатыны сөзсіз! Еңбек адамы – ел мақтанышы!

Біздің телеграмға қош келдіңіз!
308
0 Пікір
                                                                    
Қазір желіде отырғандар
Человек
Көп оқылған мақалалар
  • тәулік
  • апта
  • ай
  • жыл