Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Алматыда құрылыс саласындағы мемлекеттік сатып алуға қатысу кезінде жалған мәліметтер қолданды деген күдікпен төрт адам ұсталды, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Қаржы мониторингі агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің мәліметінше, күдіктілер 2021 жылдан 2024 жылға дейін жалған компаниялар мен құжаттарды пайдалану арқылы тендерлерді жеңіп алып, өз рейтингтерін жасанды түрде көтеріп отырған.
Схеманы ұйымдастырушылар жалған құжаттар дайындау қызметі үшін 500 мыңнан 1,5 миллион теңгеге дейін сыйақы алған.
"Заңсыз жолмен алынған табыстың жалпы сомасы 664 миллион теңгеден асты. Бұл қаражатқа 11 автокөлік пен 12 жылжымайтын мүлік (оның ішінде 5 тұрғын үй және 7 жер телімі) сатып алынған. Тергеу нұсқасы бойынша, заңсыз әрекеттер нәтижесінде жалпы сомасы шамамен 70 миллиард теңгеге бірқатар ұйыммен келісімшарттар жасалған", – делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта күдіктілер тергеу изоляторында отыр. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Айта кетейік, мемлекеттік сатып алудағы алаяқтық әрекеттер туралы бұған дейін Парламентте де сөз болған. Сенатор Евгений Больгерт Премьер-Министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында құрылыс компанияларының заңсыз схемаларын атап өткен. Оның айтуынша, кейбір ұйымдар заңдағы олқылықтарды пайдаланып, ұсақ келісімшарттар арқылы жалған тәжірибе жинап, ірі тендерлерге бәсекесіз жолмен қатысып жүр. Сенатор сатып алу ережелерін қатаңдату, біліктілік талаптарын күшейту және рәсімге бақылауды арттыруды ұсынған.