Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
2021 жылы Қазақстанның 15 өңірінде мүгедектігі бар адамдарға көмек көрсету үшін «Ten Qogam» орталықтары ашылады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов кеңейтілген алқа отырысында осылай деп мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Ведомство басшысының айтуынша елімізде 695 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан бар. Оның ішінде 419,8 мыңы немесе 60%-ы еңбекке қабілетті жаста, 180,6 мың, яғни, 26%-ы зейнеткерлік жаста, ал 94,7 мыңы немесе 14%-ы – 18 жасқа дейінгі бала. 2020 жылы мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғауға мемлекеттік бюджеттен 448 млрд теңге бөлінді, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 10,4% - ға жоғары.
«Ақмола, Ақтөбе және Қарағанды облыстарында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған жаңа оңалту орталықтарын ашу көзделген. 15 өңірде «Ten Qogam» орталықтары ашылады. Мұндай орталықтар қазірдің өзінде Нұр-Сұлтан мен Алматыда табысты жұмыс істеуде, оларда психологиялық және құқықтық көмек, жұмысқа орналасуға жәрдем көрсетіледі», – деді министр.
Сонымен қатар Серік Шәпкенов мұндай ерекше жандарға қолжетімді ортаны қамтамасыз ету мақсатында жыл сайын 4 мыңнан астам нысанды бейімдеу бойынша міндет қойылғанын атап өтті. Биыл арнайы талаптарға сәйкес келетін, мүмкіндігі шектеулі жандарға кіріп-шығуға ыңғайлы нысандар үлесін 20%-ға, ал 2025 жылы 100%-ға жеткізу жоспарланған.
«2020 жылы Ұлттық жоспар аясында министрлік мүгедектігі бар адамдардың құқықтары мен әлеуметтік қолдау алуын қамтамасыз етуге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірледі. Қазіргі уақытта заң жобасы мәжіліс қарауына жіберілді», – деп түйіндеді министр.