Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Британдық және мысырлық ғалымдар б.з.д. 1492–1479 жылдары билік еткен патша II Тутмосстың қабірін ашып, зерттеді, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Мысырлық-британдық экспедиция XVIII әулеттің билеушісі II Тутмосстың қабірінде қазба жұмыстарын жүргізді. Ол шамамен б.з.д. 1492–1479 жылдары билік құрған. Айта кетерлігі, бұл – атақты Тутанхамон қабірі ашылғаннан бері соңғы жүз жылда алғаш рет перғауындар қабірінің ашылуы.
II Тутмосс несімен танымал?
II Тутмосстың қабірі XVIII әулет патшаларының соңғы жоғалған қабірі болып саналған. Ол Тутанхамонның арғы атасы еді. Оның әйелі – әйгілі мысырлық патшайым Хатшепсут, ол II Тутмосс қайтыс болғаннан кейін билікке келген. II Тутмосстың билігі Нубияда басталған көтерілісті тез басумен басталды. Сондай-ақ, ол Сирияға жорықтар жасап, ливиялық тайпаларды бағындырған. Карнакта II Тутмосс әкесі бастаған құрылысты аяқтап, тағы бір пилон салуды қолға алған және бірнеше мүсін орнатқан болуы мүмкін. Бір нұсқа бойынша, II Тутмосс “Шығу” кітабында сипатталған библиялық перғауын болған.
Қабірдің кіреберісі 2022 жылдың соңында табылғанымен, бастапқыда археологтар оның патшалық жұбайға тиесілі екенін болжаған. Жоғарғы археологиялық кеңестің бас хатшысы доктор Мохамед Исмаил Халед бұл қателікті II Тутмосстың жұбайлары – III Тахамса мен Хатшепсуттың қабірлеріне жақын орналасуымен түсіндірді. Алайда осы маусымдағы қазба жұмыстары кезінде экспедиция қабірдің нақты иесін анықтайтын жаңа археологиялық дәлелдер тапты. Қабірден табылған алебастр ыдыстарында II Тутмосстың және оның бас жұбайы Хатшепсуттың есімдері жазылған.
Қабірден не табылды?
Жоғарғы археологиялық кеңестің бас хатшысы бұл жаңалықты соңғы жылдардағы ең маңызды археологиялық олжалардың бірі деп атады. Себебі табылған жәдігерлер II Тутмосс билік еткен кезең тарихын толықтыруға көмектеседі. Археологтар бұл патшаның билік еткен дәуіріне жататын жиһазды алғаш рет тапты. Қабір қабырғаларының сылақ сынықтарынан бедерлі жазулар мен патшалар қабірлеріне арналған маңызды діни кітаптардың бірі “Ами Дават” үзінділері табылды.
Мысырдың археологиялық секторының жетекшісі Мохамед Абдель-Бадии қабірдің нашар күйде болғанын атап өтті. Себебі II Тутмосс қайтыс болғаннан кейін көп ұзамай су тасқыны болып, қабірді су басқан. Археологтардың болжауынша, сол кезде қабірдің негізгі мазмұны басқа жерге көшірілген.
Қабірдің сәулеті
Экспедицияның британдық тобының жетекшісі доктор Пирс Латерленд II Тутмосс қабірінің қарапайым сәулет жобасы XVIII әулеттің кейінгі патшалық қабірлеріне үлгі болғанын айтты. Қабірдің кіреберіс дәлізі сыланған және ол жерлеу камерасына апарады. Дәліздің едені жерлеу камерасының еденінен шамамен 1,4 метр жоғары орналасқан. Бұл дәліз кейіннен қабірдің мазмұнын, соның ішінде II Тутмосстың мумиясын, тасқыннан кейін көшіру үшін пайдаланылған болуы мүмкін.
Латерленд ғалымдардың осы жерде зерттеуді жалғастыратынын және қабірден көшірілген жәдігерлер мен перғауынның мумиясының қайда апарылғанын анықтауға тырысатынын мәлімдеді.