| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Экспорттық маршруттарды әртараптандыру шеңберінде Қашаған мұнайы алғаш рет Қытайға бағытталмақ, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Қазақстан тарихында алғаш рет Қашаған мұнайының бір бөлігі Қытайға бағытталмақ. Желтоқсан айында шамамен 50 мың тонна қара алтын «Атасу–Алашанькоу» мұнай құбыры арқылы тасымалданады.
Бастапқы жоспар бойынша бұл мұнай «Каспий құбыр консорциумы» (КҚК) арқылы экспортталуы тиіс еді. Алайда 29 қарашада Новороссийскідегі КҚК теңіз терминалына жасалған дрон шабуылы жүйенің толық қуатта жұмыс істеуіне кедергі келтірді. Инфрақұрылымды толық қалпына келтіру 12–13 желтоқсаннан ерте болмайды деген ақпарат бар.
Сарапшылар мұнайдың Қытай бағытына бұрылуын логикалық шешім деп бағалайды. Себебі Қашаған жобасын игеретін NCOC консорциумында Қытайдың CNPC компаниясы да үлеске ие. Жоспар бойынша экспортталатын мұнайдың 30 мың тоннасы – CNPC үлесі, ал 20 мың тоннасы – жобаға қатысушы жапондық Inpex компаниясына тиесілі.
«Атасу–Алашанькоу» құбыры Қазақстанды Қытайдың Шыңжаң өңірімен байланыстырады. Қазіргі уақытта бұл бағытта ай сайын орташа 85–86 мың тонна мұнай тасымалданады.
Бұл бастама Қазақстанның сыртқы нарықтағы бағытын әртараптандыруға, геосаяси тәуекелдерге тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік береді.