| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Қазақстанда Мемлекеттік туды пайдалану тәртібі нақтыланды. Енді азаматтар оны жеке тұрғын үйлердің алдына орната алады. Алайда бұл еркіндікпен қатар қатаң талаптар да енгізілді: ту белгілі бір биіктікте ілінуі тиіс, жерге тимеуі керек, ал кейбір мақсатта пайдалануға мүлде тыйым салынады, — деп хабарлайды Dauletten.kz.
Үкімет бекіткен жаңа қаулыға сәйкес, енді қазақстандықтар Мемлекеттік туды жеке тұрғын үйлеріне орнатуға құқылы. Бірақ оның да нақты тәртібі бар. Құжатта ту жерден кемінде 3 метр биіктікте орналасуы керектігі көрсетілген. Бір қызығы, түнгі уақытта оны арнайы жарықтандыру міндеттелмейді.
Жаңа талаптарда мемлекеттік рәміздің қадір-қасиетін сақтауға ерекше мән берілген. Мәселен, ту ешқашан жерге, еденге, суға немесе өзге де беттерге тиіп тұрмауы тиіс. Егер ол тігінен ілінсе, ұлттық ою-өрнек матаның жоғарғы жағында орналасуы қажет.
Құжаттағы көпшілік назар аудара бермейтін жаңалықтың бірі – Мемлекеттік туды автокөлік салонында пайдалануға да рұқсат берілген. Дегенмен бұл тек заң талаптары толық сақталған жағдайда ғана мүмкін болады.
Ал рұқсат берілген дүниелермен қатар, нақты шектеулер де бар. Бұдан былай Мемлекеттік туды коммерциялық мақсатта қолдануға болмайды. Әсіресе мәдени, спорттық немесе қоғамдық іс-шараларда оны табыс табу құралына айналдыруға тыйым салынған.
Сонымен бірге тудың сыртқы келбетіне де ерекше талап қойылады. Ол таза, бүтін, кірлемеген, жыртылмаған және ешқандай ақаусыз болуы тиіс. Зақымдалған немесе өңі кеткен мемлекеттік рәмізді пайдалануға жол берілмейді.
Қаулыда Мемлекеттік туды қорлайтын кез келген әрекетке де нақты тыйым салынған. Оны әдейі өртеу, жырту, бүлдіру, жерге тастау немесе өз мақсатына сай емес жағдайда пайдалану заң талаптарын бұзу болып есептеледі.
Тағы бір маңызды өзгеріс – Мемлекеттік туды күнделікті тұрмыстық заттарға қолдануға болмайды. Енді оны жарнамада, киімде, төсек-орын жабдықтарында, пердеде, дастарханда, кілемшеде және басқа да жабын ретінде пайдалануға рұқсат етілмейді.
Жаңа ереже бір жағынан азаматтарға мемлекеттік рәмізді ашық дәріптеуге мүмкіндік берсе, екінші жағынан оның мәртебесін тұрмыстық немесе коммерциялық мақсатта төмендетуге жол бермеуді көздейді. Яғни енді әр үйдің алдында көк Ту желбірей алады, бірақ оны пайдалану мәдениеті мен жауапкершілігі бұрынғыдан да маңызды болмақ.