Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Елімізде қарасораны өнеркәсіптік мақсатта өсіруге рұқсат беру жоспарланып отыр. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов бұл бастама есірткілік қасиеті бар сорттардың таралуына себеп болмай ма деген сұраққа жауап берді, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Оның айтуынша, Қазақстанда тек тетрагидроканнабинол (ТГК) мөлшері төмен қарасора сорттарын өсіруге ғана рұқсат етіледі және бұл қатаң қадағаланады.
- Өсіруге рұқсат етілетін сорттар есірткілік қасиетке ие болмауы тиіс. Бұл – техникалық қарасора, құрамындағы ТГК деңгейі өте төмен немесе мүлдем жоқ. Сонымен қатар, өндіріс кезеңінде сот сараптамалары арқылы зертханалық талдаулар жүргізіледі. Яғни, өнім толық бақылауда болады. Сондай-ақ өңдеу барысында да тексерулер өтеді. Сол себепті есірткіге жататын қарасораның бір де бір грамы өндірістік процесте пайдаланылмайды, – деді Сұлтанов Үкіметтегі баспасөз мәслихатында.
Вице-министрдің мәлімдеуінше, бұл үдеріс Ішкі істер министрлігінің бақылауында болады. Егер тексеріс кезінде ТГК мөлшері жоғары қарасора анықталса, ол бірден жойылады.
- Бақылау бірнеше деңгейде жүзеге асады. Сол себепті алаңдауға негіз жоқ. Өсіру алаңдары қоршалып, күзет қойылады, бөгде адамдар кіре алмайды. Қазіргі таңда әлем бойынша қарасораны қайта өңдеу кең таралған – одан жасалған қағаз сарғаймайды, – деп түсіндірді ол.
Бұған дейін Қазақстанда өнеркәсіптік мақсаттағы қарасора өсіруге рұқсат беру жоспарланғаны хабарланған болатын. Сәйкес заң жобасы Мәжілісте сәуір айында бірінші оқылымда мақұлданды. Есірткі бизнесіне қарсы күрес комитеті кәсіпкерлерге төрт лицензия берген. ІІМ өкілдері ТГК мөлшері төмен қарасора марихуанадан айырмашылығы бар екенін және қорқуға негіз жоқ екенін айтты.
Қарасора мен марихуананың айырмашылығы неде?
Қарасора (техникалық қарасора) – құрамында ТГК мөлшері 0,3 пайыздан аспайтын өсімдік түрі. Оның есірткілік әсері жоқ, және ол өнеркәсіп саласында – мата, қағаз, май және құрылыс материалдарын өндіруде пайдаланылады.
Ал марихуана – құрамындағы ТГК деңгейі жоғары (көбіне 5–20 пайыз) қарасораның түрі. Ол есірткілік әсерге ие және медициналық немесе рекреациялық мақсатта, тек заңмен рұқсат етілген елдерде қолданылады.