| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Елімізде бірқатар республикалық маңызы бар тас жолдарда орташа жылдамдықты бақылау жүйесі кеңейтіледі. Жаңа учаскелерде жылдамдық асырған жүргізушілерге айыппұл салынады, — деп хабарлайды Dauletten.kz.
Қазақстанда жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында орташа жылдамдықты бақылау жүйесі кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Енді бұл талап тағы 16 тас жол учаскесін қамтиды.
Жаңа шектеулер енгізілетін бағыттардың қатарында Астана – Щучинск және Астана – Павлодар жолдары бар, мұнда рұқсат етілген жылдамдық 140 км/сағ болып белгіленген. Сондай-ақ Шымкент – Қызылорда және Шымкент – Тараз бағыттарында шектеу 110 км/сағ деңгейінде бекітіледі.
Бұдан бөлек, Павлодар – Семей – Қалбатау, Орал – Ресей шекарасы (Саратов бағыты), Павлодар – Ресей шекарасы (Омбы бағыты) жолдарында жылдамдық 100–110 км/сағ аралығында шектеледі. Ал Жібек Жолы – Теміртау бағытында жүргізушілер 140 км/сағ жылдамдықтан аспауы тиіс.
Жылдамдық режимін бұзғандарға қатысты айыппұл мөлшері қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгіленген. Мәселен, жылдамдықты 10–20 км/сағ аралығында асырғандарға 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Ал 20–40 км/сағ аралығында асырған жағдайда 10 АЕК төлеуге тура келеді.
Егер жүргізуші жылдамдықты 40 км/сағ және одан жоғары деңгейде асырса, айыппұл көлемі 20 АЕК-ке дейін өседі. Қайталанған құқықбұзушылық үшін 30 АЕК қарастырылған. Ал 60 км/сағ-тан жоғары асырған жағдайда ең жоғары жаза – 40 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
Мамандардың айтуынша, мұндай бақылау жүйесі жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға және жүргізушілердің тәртібін жақсартуға бағытталған.