Қазақстанда тағы бір маңызды медициналық қызмет – онкологиялық скринингтер тегін ұсынылады. Бұл қызмет енді мемлекеттік кепілдік берілген тегін медициналық көмек (ТМККК) пакетіне енгізіледі, – деп хабарлайды Dauletten.kz.
Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Республикалық бастапқы медициналық-санитариялық көмек орталығының директоры Айгүл Қасымованың мәлімдеуінше, екінші жартыжылдықтан бастап онкоскринингтер кезең-кезеңімен ТМККК жүйесіне көшіріледі, бұл оларды барлық мақсатты топтар үшін қолжетімді етеді.
- Қолға алынған шаралардың нәтижесінде скринингтердің тиімділігі айтарлықтай артады деп күтілуде. Жаңа әдістер ауруларды ерте анықтауға, өлім-жітімді азайтуға және алдын алуға бағытталған, бұл халықтың ұзақ мерзімді денсаулығын нығайтуға ықпал етеді, – деді Қасымова Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
Кейін Денсаулық сақтау министрлігі бұл бұйрық биылғы қыркүйекте күшіне енетінін нақтылады. Осылайша, онкологиялық скринингтер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакетінен ТМККК-ға ауысып, қазақстандықтар үшін толығымен тегін болады. Енді онкологиялық тексеру үшін сақтандыру қажет емес, бұл қызметті емханада жоспарлы медициналық тексеру аясында алу мүмкіндігі қарастырылған.