| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Сәуір айынан бастап Қазақстан азаматтары мерзімі өткен жүргізуші куәлігін eGov.kz порталы және eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы онлайн түрде рәсімдей алады. Жаңашылдық қызмет алуды жеңілдетіп, уақыт үнемдеуге мүмкіндік береді, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Бұған дейін жүргізуші куәлігін онлайн форматта тек қолданыстағы құжат болған жағдайда, сондай-ақ құжат жоғалғанда, ұрланған кезде немесе аты-жөні өзгерген жағдайда ғана ауыстыруға болатын. Енді бұл қызмет мерзімі өтіп кеткен куәліктерді де қамтиды.
Онлайн өтінім беру үшін азаматтар eGov.kz порталы арқылы «Азаматтарға» бөліміндегі «Көлік және коммуникациялар» санатына өтіп, «Автомобиль көлігі» ішінен «Жүргізуші куәлігін алу» қызметін таңдауы қажет. Өтінім беру барысында дайын құжатты алатын ХҚКО-ны көрсету, фотосурет жүктеу, қолтаңба үлгісін және байланыс нөмірін енгізу талап етіледі. Сондай-ақ 1,25 АЕК мөлшерінде мемлекеттік баж салығы төленіп, өтінім қолжетімді тәсілдердің бірі арқылы расталады. Қайта өтінім берген жағдайда «Бұрын төленген» функциясын пайдалануға мүмкіндік бар.
Ал eGov Mobile қосымшасында қызметті алу үшін «eGov Мемлекеттік қызметтер» бөліміндегі «Жүргізу және көлік» санатына кіріп, «Жүргізуші куәлігін беру» қызметін таңдау қажет. Бұдан кейін фотосурет жүктеліп, қолтаңба үлгісі енгізіледі, ХҚКО бөлімі көрсетіледі және мемлекеттік баж салығы төленеді. Соңында өтінімге электронды түрде қол қойылады.
Қызмет нәтижесі порталдағы Жеке кабинеттегі «Хабарламалар» бөлімінде және мобильді қосымшадағы «Жеке кабинет тарихы» бөлімінде қолжетімді болады. Дайын жүргізуші куәлігін өтінімде көрсетілген ХҚКО-дан жеке куәлікті ұсыну арқылы алуға болады.
Мамандар фотосурет жүктеу кезінде белгіленген техникалық талаптарды қатаң сақтау қажеттігін ескертеді. Қызметке қатысты толық ақпарат пен талаптар тізімі порталдағы қызмет паспортында жарияланған.