| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Қазақстанда мүгедектігі бар азаматтарға шипажайда емделуге мүмкіндік беретін мемлекеттік қолдау жалғасып жатыр. Биыл 1 тамызға дейін 76 876 адам осы қызметті пайдаланып үлгерген, — деп хабарлайды Dauletten.kz.
Қазақстанда мүгедектігі бар азаматтар шипажайда емделу үшін мекемені өздері таңдай алады. Бұл мүмкіндік Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы жүзеге асырылады, ал емдеу ақысы белгіленген сома шегінде бюджет қаражаты есебінен төленеді.
Мемлекеттік қолдауға ие болу үшін азаматтың денсаулық жағдайы мен медициналық көрсеткіштері ескеріледі. Шипажайда ем алу мүмкіндігі адамның жеке оңалту бағдарламасына енгізілуі қажет.
Осыдан кейін азамат Әлеуметтік қызметтер порталынан өзіне қолайлы шипажайды таңдай алады. Порталда ұйымдар туралы ақпаратпен танысып, көрсетілетін қызметтер мен жағдайларды салыстыруға мүмкіндік бар.
Емделу толықтай тегін бе?
Мемлекет шипажайдағы емнің құнын белгіленген қаржы мөлшері шегінде өтейді. Егер таңдалған қызметтің бағасы осы сомадан аспаса, азамат үшін емделу тегін болады.
Ал таңдалған шипажайдың құны мемлекет белгілеген сомадан жоғары болса, пайда болған айырманы азаматтың өзі төлеуіне болады.
Бұл жүйенің ерекшелігі – азаматқа дайын бір ғана нұсқа ұсынылмайды. Ол өзіне қолайлы шипажайды таңдап, көрсетілетін жағдайлармен алдын ала таныса алады.
Шипажайда қандай жағдай жасалуы тиіс?
Әлеуметтік қызметтер порталындағы шипажайларға белгілі талаптар қойылады. Соның ішінде мүгедектігі бар адамдардың ғимарат ішінде кедергісіз қозғалуына мүмкіндік болуы қажет.
Мысалы, нысанда пандустар, бейімделген бөлмелер мен санитарлық орындар қарастырылуы тиіс.
Медициналық көрсеткіштерге қарай азаматтарға физиотерапия, бальнеологиялық ем-шаралар, емдік дене шынықтыру және басқа да оңалту процедуралары ұсынылады.
Биыл қанша адам ем алды?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша 76 876 мүгедектігі бар азамат шипажайда ем қабылдаған.
Ал биыл шипажайлық емге қажеттілік білдіргендердің жалпы саны 147 809 адамға жетіп отыр.
Ем алушыларды санаторийлерге қабылдау жыл бойы белгіленген кезеңдерге сәйкес жүргізіледі.
- Шипажайда емделу – оңалту жүйесінің маңызды бөлігі. Әлеуметтік қызметтер порталының көмегімен бұл қызметті алу тәртібі адамдар үшін түсінікті әрі ыңғайлы бола түсті. Азамат шипажайды өзі таңдайды, ал мемлекет емделу құнын белгіленген қаражат мөлшеріне дейін төлейді. Бұл қызмет алушының жеке қажеттілігін ескеруге және көрсетілетін қызметтің сапасын арттыруға мүмкіндік береді, – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Илья Скуб.
Министрлік шипажайлық ем алу жүйесін жетілдіру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Негізгі басымдық – қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыру.