| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Шымкентте психикалық дертке шалдыққан әйелдің мүлкіне қатысты мәмілелер жарамсыз деп танылды, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Шымкент қаласында сот психикалық денсаулығына байланысты өз әрекеттерінің мәнін түсіне алмаған әйелдің атынан рәсімделген сенімхаттар мен сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп таныды. Нәтижесінде талап қоюшының бұзылған мүліктік құқықтары қалпына келтірілді.
Іс материалдарына сәйкес, ІІ топтағы мүгедектігі бар қала тұрғыны тұрғын үйі, жер учаскесі және пәтеріне қатысты рәсімделген сенімхаттар мен кейін жасалған сатып алу-сату шарттарының заңсыз екенін айтып, сотқа жүгінген. Талап қоюшы құжаттарға қандай жағдайда қол қойғанын есінде сақтамағанын, өз мүлкіне билік етуге ешқандай ерік білдірмегенін мәлімдеген. Сондай-ақ ол сенімхаттар рәсімделген кезеңде облыстық психикалық денсаулық орталығында стационарлық ем қабылдап жүргенін көрсеткен.
Талап қоюда жауапкерлер ретінде екі нотариус пен әйелдің туыстары болып табылатын үш адам көрсетілген. Талап қоюшы олардың өзінің психикалық жағдайын пайдаланып, құжаттарды рәсімдегенін, кейін өзіне тиесілі барлық жылжымайтын мүліктің сатылып кеткенін алға тартқан.
Шымкент қаласының ауданаралық азаматтық істер жөніндегі соты істі қарау барысында жауапкерлер сенімхаттарды алғаннан кейін талап қоюшының атынан әрекет етіп, оның тұрғын үйі мен өзге де жылжымайтын мүлкіне билік еткенін анықтады. Соның салдарынан әйел өз баспанасынан айырылып, туыстарының үйінде тұруға мәжбүр болған.
Сот-психиатриялық сараптама қорытындысы бойынша, талап қоюшы 2019 жылдан бері органикалық этиологиядағы тұлғалық бұзылысқа шалдыққан. Сарапшылардың мәліметінше, сенімхаттарға қол қойған кезде ол өз әрекеттерінің мәнін түсіне алмаған әрі оларды басқаруға қабілетсіз болған.
Сараптама қорытындысы медициналық құжаттармен, талап қоюшының психиатриялық стационарда бірнеше рет емделгені туралы деректермен, диспансерлік есепте тұрғаны жөніндегі мәліметтермен және денсаулық жағдайына байланысты оған мерзімсіз ІІ топ мүгедектігі белгіленгенімен расталған. Зерттеу барысында оның ойлау қабілетінде, жадысында, эмоциялық тұрақтылығында және зияткерлік функцияларында айқын бұзылыстар анықталған.
Ұсынылған дәлелдемелерді жан-жақты зерделеген сот талап қоюшының сенімхаттарды рәсімдеу кезінде саналы түрде ерік білдірмеген деген қорытындыға келді. Осыған байланысты сенімхаттар мен олардың негізінде жасалған сатып алу-сату шарттары жарамсыз деп танылып, тараптар бастапқы құқықтық жағдайына келтірілді.
Нәтижесінде талап қоюшының мүліктік құқықтары қалпына келтірілді. Сот шешімі заңды күшіне енген.