| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайдың алғашқы сессиясында Қазақстандағы саяси партиялардың рөліне тоқталды. Мемлекет басшысы әр партияның өзіндік бағыты мен идеологиясы бар екенін атап өтті, — деп хабарлайды Dauletten.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайдың алғашқы сессиясында Қазақстандағы саяси партиялардың сайлау науқанындағы рөліне баға берді.
Президенттің айтуынша, соңғы сайлаудың ерекшелігі — елдегі саяси алуандықтың жаңа сапалық деңгейге көтерілуі.
- Жалпы, бұл сайлаудың мәні де, мазмұны да өзгеше болды. Себебі өткен сайлау ең алдымен Қазақстандағы саяси алуандықтың жаңа сапалы деңгейге көтерілгенін байқатты. Партиялар өзінің әлеуетін толық көрсетті. Өз бағдарламасын жұртшылыққа жан-жақты түсіндіріп, жеткізе білді. Науқанға қатысқан барлық партияның ұсыныстары жұртшылықтың назарын аударды, қоғамдық өмірге үлкен серпін берді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы сайлау барысында партиялар арасында ашық бәсекелестік болғанын да атап өтті.
Оның сөзінше, әр партияның өз бағдары, ұстанымы және идеологиясы бар. Сайлау науқаны кезінде олардың қоғамдағы рөлі мен саяси жүйедегі орны айқындала түскен.
Тоқаев мұны Құрылтай сайлауының негізгі жетістіктерінің бірі деп бағалады. Президенттің пікірінше, мұндай өзгерістер Қазақстандағы саяси-қоғамдық мәдениеттің одан әрі дамуына ықпал етеді.
Мемлекет басшысы алдағы уақытта партиялардың билік жүйесіндегі ықпалы арта түсетінін айтты.
- Болашақта партиялардың билік жүйесіндегі ықпалы да күшейе түседі. Әр науқан сайын олардың рөлі арта бермек. Сондықтан партиялар алған бағыттарынан таймай, сайлаушылармен жұмысты жалғастыра беруі керек. Сонда ғана саяси ұйымдардың беделі күшейе түседі, – деді Президент.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев партиялар ұсынған бағдарламаларға да тоқталды. Оның айтуынша, бұл құжаттарда тың идеялар мен тиімді ұсыныстар бар. Олардың барлығы алдағы жұмыс барысында мұқият саралануға тиіс.
Президент партиялық бағдарламалардағы ұсыныстардың Үкімет жұмысы кезінде ескерілуі қажет екенін атап өтті.
«Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін ең ұтымды шешімдер Үкіметтің жұмысында ескерілуге тиіс», – деді ол.
Тоқаев сайлауда «Әділет» партиясының басым дауыспен жеңіске жетіп, Құрылтайда конституциялық көпшілікке ие болғанын атап өтті.
Осыған байланысты Президент «Әділет» партиясына қойылатын талап пен артылатын жауапкершіліктің жоғары екенін айтты.
- Сондықтан «Әділет» партиясына қойылатын талап та, артылатын үміт те, сенім де аса жоғары. Осы орайда, қоғамды ортақ мүддеге ұйыстырып, реформалардың қозғаушы күші болу өте маңызды. Бұл міндет ойдағыдай орындалады деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.