| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
2026 жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу аяқталды. Биыл талапкерлерге тесті екі рет тапсырып, ең жоғары нәтижемен грант конкурсына қатысу мүмкіндігі берілді. Алайда тестілеу барысында жүздеген талапкер ереже бұзып, кейбірінің нәтижесі жарамсыз деп танылды, — деп хабарлайды Dauletten.kz.
Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеуге 233 мың талапкер қатысып, тестілеуді жалпы 422 мың рет тапсырды. Талапкерлердің екі мәрте тест тапсырып, ең үздік нәтижесімен мемлекеттік гранттар конкурсына қатысуына мүмкіндік берілді.
Бес пән бойынша ҰБТ-ның орташа көрсеткіші 69 баллды құрады. Ең жоғары 140 балды Павлодар облысының түлегі Әсет Альтаир мен Қызылорда облысының түлегі Балхан Альфия жинады. Сондай-ақ 821 талапкер 130 балдан жоғары нәтиже көрсетті.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар 800 талапкерге арнайы жағдай жасалып, олардың тестілеуге толыққанды қатысуына мүмкіндік берілді.
Сонымен қатар ҰБТ барысында 890 ереже бұзушылық тіркелді. Оның ішінде 522 талапкер смартфон, шпаргалка және өзге де тыйым салынған заттарды алып кіруге әрекеттенгені үшін тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды.
Ал тестілеу кезінде тәртіп бұзған 361 талапкердің нәтижесі жойылды. Бұдан бөлек, бейнежазбаларды тексеру барысында тағы 7 талапкердің тест қорытындысының күші жойылды.
Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, ҰБТ аяқталғанымен бақылау жұмыстары тоқтамайды. Бейнежазбаларды талдау 2026 жылдың 31 қазанына дейін жалғасады. Егер осы кезеңде ереже бұзу фактілері анықталса, талапкерлердің тест нәтижелері кейіннен де жарамсыз деп танылуы мүмкін.