Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Өткен жылы Алматыдағы зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана қоры 8282 дана кітаппен және 1149 дана балалар әдебиетімен толықты. Бұл туралы ҚР МСМ Баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Dauletten.kz.
Сондай-ақ 2022 жылы кітапхана жартылай өнеркәсіптік Брайль принтерлері мен Брайль дисплейлерін сатып алды. Нәтижесінде МР3 форматта 17 кітап дыбысталып, 22 кітап нүктелі-бедерлі қаріпте басып шығарылған.
Бүгінде 3000-ға жуық оқырманы бар кітапхана қоры 260 мыңнан асады. Олардың қатарында көркем әдебиет, классикалық және қазіргі заман әдебиеті, отандық және шетелдік авторлар, поэзия, фантастика және басқа да бағыттағы басылымдар бар.
«Біз өз оқырмандарымызға кітапханада ғана емес, үйде де қызмет көрсетеміз. Біздің осында келетін мүмкіндігі жоқ 45 оқырманымыз бар. Олар бізге керек кітаптарын телефон арқылы тапсырыс береді. Біз әр аптаның сәрсенбісінде үйлеріне жеткізіп береміз»,- деді кітап қорын сақтау және абонемент бөлімінің қызметкері Назым Арынбекова.
Қазіргі таңда кітапхана ерекше қажеттілігі бар оқырмандардың рухани қарым-қатынасын нығайтып, бос уақытын тиімді өткізуге арналған және түрлі бұқаралық іс-шараларға қатысатын орталық. Мұнда тек зағип оқырмандарға ғана емес, сезу, есту қабілеті төмен жандарға да басқа кітапханалар көрсете алмайтын қызмет түрлері қолжетімді.
Фото: Egemen.kz