Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Қазақстанның бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Сархат Бейсенова қыздарды адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцинациялауға қатысты қаулыға қол қойды. Бұл вирус жатыр мойны обырының қоздырушысы болып саналады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне сілтеме жасап.
Қаулыға сәйкес, 11 жастағы қыздар жоспарлы тәртіппен вакцинацияланады. Сондай-ақ 12 жастан бастап 13 жасты қоса иммундау шаралары жүргізіледі.
"Екпе мектептердің медициналық кабинеттерінде ата-аналардың немесе заңды өкілдерінің хабардар етілген келісімін алғаннан кейін жүргізіледі. Сондай-ақ ата-аналардың қалауы бойынша вакцинация тіркелген жердегі емханаларда да жүргізілуі мүмкін", - дейді комитет мамандары.
Жатыр мойны обыры Қазақстандағы әйелдер арасында таралуы бойынша екінші орындағы және 25 пен 44 жас аралығындағы әйелдер өлімінің себептері бойынша екінші орындағы қатерлі ісік болып отыр. Жыл сайын елде бұл аурудың 1900-ға жуық жаңа жағдайы тіркеледі. Ғылыми зерттеулер жатыр мойны обырының негізгі себебі АПВ инфекциясын жұқтыру екенін дәлелдеді.
Бүгінгі таңда АПВ-ға қарсы вакцина әлемнің 135 елінде, соның ішінде Өзбекстан, Қырғызстан және Түрікменстанда қолданылады. Бүгінгі таңда бірқатар елде вакцинацияның арқасында әйелдер арасында АПВ-ның таралуы 90%-ға төмендеді.
Айта кетері, Сархат Бейсенова күні кеше денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы – ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері қызметіне тағайындалды.